«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСӨСПІРІМДЕР ДЕ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Өткен жылы ішкі істер органдарының есебінде тұрған аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 14 жасқа толған балаларын еңбекке тарту қолға алынған болатын.

Білім беру ұйымдары кәмелеттік жасқа толмағандардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы мәліметтерді жинақтауды жүзеге асырса, облыстық ішкі істер департаменті жұмыспен қамту органдарын есепте тұрған жасөспірімдер туралы деректермен қамтамасыз етеді.

“Еңбек нарығы” автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне сәйкес 2016 жылдың басынан бері еңбек етуге ынта білдірген 14 жастағы екі жасөспірім жұмыспен қамту органдарына хабарласқан. Олар қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сай оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұзбайтын жұмысты орындау үшін 14 жасқа толған оқушылармен еңбек шартын жасауға болады. Бұл құжатқа кәмелетке толмаған адаммен қатар, оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.

Еңбек кодексінде 14 жастан 16 жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жастар үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған кестесі белгіленген.

Жұмысқа орналасу үшін адамдар тұрғылықты жерлері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінулері қажет.

Аталмыш орталықтар тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі (жыл басынан бері 30 жәрмеңке өтті). Сондай-ақ, жұмыс іздеу клубының да пайдасы зор. Ресми сайттар мен стендтерде қажетті ақпараттар орналастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан да жұмыспен қамту мәселесі бойынша ақпараттық көмек көрсетіледі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының (www.ukzsp.sko.gov.kz) сайты мен Қазақстан Республикасының Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің “Жұмыс” (www.enbek.kz) ақпараттық порталында бос жұмыс орындары туралы мәліметтер уақтылы орналастырылады. Бұдан басқа “Жұмыс” порталында түйіндеме қалдырып, онлайн режімінде жұмыс берушімен байланысуға болады.

Жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарының деректер қоры үнемі жаңартылады. Бүгінгі таңда құзырлы органдардың есебінде тұрған аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 14 жасқа толған жасөспірімдерін жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Тек мүдделі адамдар белсенділік танытып, жұмысқа орналасуға өз өтініштерін білдірулері қажет.

Лариса ШЕРЕМЕТЬЕВА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp