Жуырда мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы, жас дизайнер Гүлжиян Қадыр туралы фильм түсірілді.
Жуырда Ұлттық Дельфий комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.
«Көркем өнер» аталымы бойынша Гүлжиян Қадыр жеңімпаз атанды. Этно стильдегі жастар киімін ұсынған жас сәнгер оза шауып, 1-орынды жеңіп алды.
Гүлжиян Қадыр – жас дизайнер, алға қойған мақсаттары айқын.
«Киім дизайнері болуды бала кезімнен армандадым. Дәптердің парақтарына түрлі көйлектердің үлгісін ойлап тауып, оларды бояйтынмын. Құрақ көрпе құрап, оларға қолданатын матаның қандай түстерінің бір-біріне үйлесетіндігіне назар аударатынмын», дейді жас дизайнер.
Гүлжиян киім шеберлерінің бойында қағазда және компьютерде сурет сала білумен қатар, көркемдік талғам, еңбекқорлық, креативтілік, табандылық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық сияқты қабілеттер болуы қажет деп санайды. Аталған қасиеттердің барлығы жас дизайнердің бойында бары анық.
Гүлжиянның өнері туралы фильмді Ұлттық Дельфий комитетінің «facebook» және «Youtube» желілеріндегі әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.
Ұлттық Дельфий комитетінің баспасөз қызметі.