«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС РОБОТ ҚҰРАСТЫРУШЫЛАРЫМЫЗ бүкіләлемдік олимпиадаға аттанбақ

Петропавлдық оқушылар Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен “Бірінші республикалық робот техникасы – 2014” олимпиадасынан жүлделі оралды. Аталмыш сайысқа еліміздің әр аймағынан 106 құрама команда, жалпы 200-ге жуық оқушы қатысқан.

Облыс орталығындағы №16 орталау мектептің директоры Данияр Уәлиев және әл-Фараби атындағы мектеп-лицейі директорының ақпараттық-коммуникативтік технологиялар жөніндегі орынбасары Әділбек Исмағұловтың жетекшілігімен қала мектептерінің 13 оқушысынан жасақталған “ARTA robotics” құрама командасы жарыстың қорытындысы бойынша әртүрлі кезеңде төрт мәрте жеңімпаз атанған.

– Біз Астанаға тек жеңіс үшін бардық. Түпкілікті мақсатымыз – робот техникасы білгірлерінің додасында жеңіске жету. Сол мақсатқа жету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Нәтижесінде, еңбегіміз бағаланып, жеңістің биік тұғырынан көріндік. Сондай-ақ, қараша айында Ресейдің Сочи қаласында робот құрастыру бойынша өтетін “World Robot Olympiad” әлем біріншілігінің жолдамасына ие болдық, – дейді №16 орталау мектебінің директоры Данияр Уәлиев.

Өңірімізде алғашқы “Робот техникасын құрастыру” үйірмесін Данияр Уәлиев қалалық классикалық гимназиясында ашқан. Кейін үйірмені өзі басшылық ететін №16 орталау мектебінде және қазақ мектеп-гимназиясында да ұйымдастырған. Ал соңғы уақытта олардың қатарын әл-Фараби мектеп-лицейі толықтырған.

Бүгінде қала оқушыларын робот техникасын танып-білуге үйретіп жүрген жерлестеріміздің айтуларынша, Астана қаласындағы додадан соң қызылжарлық команда Ақтөбеде өткен Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың республикалық жарысына қатысып, онда да жеңіске жеткен. Сөйтіп, қатысушылар әуе, зымыран, авто, кемемодельдеу, қолданыстағы робот техникаларының модельдері бойынша бар білгендерін ортаға салған жарыста жерлестеріміз үш мәрте І және екі мәрте ІІ орынға ие болған.

– Алдымыздағы бір жарым айдың ішінде олимпиадаға дайындықтарымызды жүргізіп, роботтарымызды жетілдірмекпіз. Ендігі меже – әлемнің 51 елінен үш мыңға жуық үміткерлер қатысатын бүкіләлемдік “WRO” сайысында үздіктер қатарынан көріну, – дейді Данияр Уәлиев.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp