«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ТАРТУ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің биотехнологиясы” атты зертхана ашылды.

Екі жыл бұрын жергілікті жоға­ры оқу орны Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен әріптестік байланыс орнатқан болатын. Соның аясында зерттеулер мен тәжірибелер жүргізетін заманауи агротехнопарк ашылған еді. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын агротехнопарктің әлеуеті жоғары. Бұл жерде агротехникалық факультеттің оқытушылары мен студенттері ауыл шаруашылығы дақылдарының суыққа төзімді, жаңа сұрпын өсірумен айналысуда. Университеттің ғылым жә­не инновациялар жөніндегі проректоры Ақ­марал Ыбыраеваның айтуынша, агротехнопарк құрылғалы бері дақылдардың 50 сорты сыналса, оның 10-ы өңіріміздің климатына төзімді болып шыққан. Факультеттің төрт оқытушысы шетелдегі инновациялық зертханаларда біліктіліктерін арттырса, 12 студент Қытайда білімдерін жетілдірген.

Екіжақты әріптестік аясында ашылған заманауи зертханада жергілікті университеттің жас ғалымдары картоп және тағы басқа дақылдарды отырғызудың биотехнологиялық әдістері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізетін болады. Ол үшін апикальды меристемалар мәдениеті жағдайында картоптың жаппай микроклональды көбею әдісі қолданылмақ. Зертханада ғылыми ізденістерді жүзеге асырып, сараптамалар жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Қытайлық тарап жергілікті университетке 11 млн. теңгені құрайтын төрт шағын ауыл шаруашылығы техникасын және 15 млн. теңгенің заманауи құрал-жабдығын сыйға тартқан.

– Зертханада агротехнология­лық факультетте биотехнология, өсімдіктерді қорғау және сақтау, агрономия мамандықтары бойынша білім алып жатқан бакалаврлар мен магистранттар зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Өңірімізде жақсы өсетін ауыл шаруашылығы дақылдары іріктеліп, олар селекциялық материал ретінде қолданылмақ. Нәтижесінде олар өңіріміздің суық ауа райына және түрлі өсімдік ауруларына төзімді болуы тиіс. Заманауи зертхана болашақта ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудағы білім беру сапасын жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде, – деді агротехнологиялық факультет деканының орынбасары Айнұр Балахметова.

Салтанатты шараға қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаев пен “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бекет Иманқұлов факультет басшылығын зертхананың ашылуымен құттықтап, жас ғалым­дардың жұмысына сәттілік тіледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp