Тимириязев ауданындағы Интернациональный ауылдық округінің әкімі Қанат Иманжанов – облыстағы жас басшылардың бірі. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін “Экономика” мамандығы бойынша бітірген Қанат Серікұлы еңбек жолын Тимирязев аудандық білім бөлімінде есепші болып бастайды. Кейін “Жастар тәжірибесі” жобасымен аталмыш аудан әкімдігінде жұмысын жалғастырған ол 2013 жылдан бастап ауыл әкімі болып тағайындалды. Өзі туған ауылдың гүлденіп, өркендеуіне отансүйгіштік рухпен, іргелі әрекетпен бір кісідей атсалысуды мақсат тұтқан Қанат:
– Кіндік қаным тамған ауылдың табиғат жағдайымен, тұрғындарымен етене таныс болған соң, олармен қоян-қолтық жұмыс істеп, кез келген мәселеде бір шешімге келу қиынға соқпады. Шағын елді мекен болса да, орта білім беретін мектебі, клубы бар. Облысымыздың көп аудандарының титығына тиіп, жүйкелерін жұқартқан жол мәселесі де бізде оңтайлы шешілген. Тақтайдай тегіс жолмен аудан, облыс орталығына қиналмай жетуге болады, – дейді.
“Ер – туған жеріне” дегендей, ауыл тұрғындарының мұқтажына атсалысып жүрген жас әкімнің ісіне жұрт дән риза.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.