Еліміздегі нотариат – құқық пен фактілерді куәландыруға және заңмен қарастырылған басқа да міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық әрекеттерді жасау жолымен жеке және заңды тұлғалардың заңдық мүдделері мен құқықтарын қорғаудың заңмен бекітілген жүйесі. Нотариат – даусыз құқықтар мен фактілерді, құжаттарды, олардан алынған көшірмелерді куәландыратын, құжаттарға атқарушылық күш беру және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығы мен заңдық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орган.
Нотариат жүйесіне тек қана мемлекеттік нотариалдық кеңселер мен жеке нотариустар ғана емес, сонымен қатар нотариаттық әрекеттер жасау өкілеттілігі бар атқарушы билік органдарының лауазымды тұлғалары кіреді. Еліміздің консулдық ұйымдарының лауазымды тұлғалары басқа мемлекеттердің аумағында нотариаттық әрекеттер жасай алады. Жекелеген нотариаттық әрекеттер жасау құқығы дәрігерлік бөлімнің бас дәрігері мен оның орынбасарына, аурухананың кезекші дәрігеріне, сонымен қатар қарттар мен мүгедектер үйінің директорлары мен бас дәрігерлеріне, әскери бөлімдердің мекемелері мен әскери оқу орындарының командирлеріне де берілген. Егер тұрғылықты жерде нотариус болмаса, онда нотариаттық әрекетті атқарушы билік органдарының лауазымды тұлғалары жасай алады. Өзінің сипаты мен атқаратын функциясына байланысты нотариат мемлекеттік басқару органдарының қатарына жатады. Өйткені, нотариаттық әрекеттер жасау тек белгілі бір өкілеттілігі бар органға жүктелген.
Нотариаттық қызметті реттейтін және бақылайтын мемлекеттің өкілетті органы еліміздің Әділет министрлігі болып табылады. Біздің елде нотариат қызметі нотариат туралы заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, нотариустар қызметі екіге бөленеді: мемлекеттік кеңсе және жеке кеңсе. Біріншісі нотариаттық әрекет жасаудан алған төлемді толығымен мемлекетке береді де, одан кепілденген еңбекақысын алады. Ал екіншісі жеке тәжірибемен айналысып, төлемдерді өзінде қалдырады. Тек заңмен қарастырылған салық пен өзге де төлемдерді төлейді. Бүгінгі күні нотариат – мемлекет функцияларының бірін орындайтын және белгілі бір шығынсыз әрекет ететін жалғыз көпшілік-құқықтық институт.
Нотариаттың міндеті – азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз ету. Сондықтан нотариаттық палата мен нотариустар заң талаптарының жетік маманы болуы керек.
Нотариус тұтынушының даусыз құқығы мен заңды фактілерін растап қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың, заңды тұлғалар мен мемлекеттің құқығы мен мүддесінің бұзылуына жол бермеуі керек. Нотариус куәландырған келісімдер мен басқа да заңды фактілердің айғақтығына шүбә келтірілмейді.
Нотариаттың қызметін реттейтін нормалар заңның жеке саласын құрайды. Ол азаматтық, азаматтық іс жүргізу, отбасылық, тұрғын үй, халықаралық жеке құқық сияқты салалармен тығыз байланысты. Нотариаттық әрекеттер жасау кезінде “Нотариат туралы” Заңнан бөлек құқық саласының бірнеше қолданыстағы заңнамаларына сүйенуге тура келеді. Мысалы, заң немесе өсиет бойынша мұрагерлік құқық туралы куәлік берген кезде нотариус азаматтық, отбасылық, тұрғын үй және жер туралы заңдарды басшылыққа ала отырып, оларға түсініктеме береді. Сондықтан құқықтық қатынастарды жақсы білу нотариус қызметімен айналысатын тұлғалар үшін басты талап болып табылады.
Жанар САБДИНОВА,
жеке нотариус.
Петропавл қаласы.