Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында жол жүру қауіпсіздігі де сөз болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі өңірімізде жол-көлік оқиғалары өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіш деңгейінде екенін айтты. Жолда болған қайғылы жағдайларда қаза тапқандардың саны 62,2 пайызға төмендеген. Десек те, жол-көлік оқиғалары қалалар мен елді мекендерде жиі тіркелген. Қайғылы жағдайлар жүргізуші мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігінің төмендігінен және жол ережелерін сақтамауы салдарынан орын алуда. Жыл басынан бері жолда жүру ережесін бұзудың 5800-ден астам дерегі анықталды. Облыс орталығы мен республикалық маңыздағы жолдарда бағдаршам мен арнайы белгілердің жетіспеуі, асфальт жабындысының бұзылуы, кейбір көпірлер мен өтпелі жолдардың жөнделмеуі апаттық жағдай тудырып отырғаны айтылды. Осы орайда бірқатар ұсыныстар айтқан Марат Төлебаев облыс орталығындағы Евней Бөкетов кешесін кеңейтіп, Пушкин көшесінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің маңайында жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жайын қозғады. Үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында орын алған 107 жол-көлік оқиғасының 43,9 пайызында жаяу жүргіншілер зардап шеккен. Айтылған мәселеге байланысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов департамент бастығының ұсыныстарын қолдап, тиісті жұмыстарды атқаруға қаржы бөлінетінін айтты.