Құлақты жарып жіберердей музыка. Ығы-жығы адам. Жарқ-жұрқ еткен жарық. Көптен бері көңілі құлазып жүрген Жантасты бой сергітсін деп би кешіне ертіп келгенмін. Танысқанымызға бірнеше жыл өтсе де арамыздан қыл өтпестей дос болып кеткенбіз. Студенттік кездің екі жылы артта қалыпты. Жас кезде адамның басынан не өтпейді? Бірге жүріп талай сынақты көрдік. Алдағы өмір жолында не күтіп тұрғаны бір Құдайға аян.
Емтиханнан төмен баға алғалы бері Жантастың қабағы сынық. Бұрынғыдай күлмейді, ойнамайды. Өзін-өзі іштен мүжіп, уайымдай бергеніне қараптан-қарап мен алаңдаймын. Болар іс болды. Емтиханнан кім сүрінбей жатыр? Алдымыздан шыққан әр қиындыққа осылай езіле берсек алдағы күніміз не болмақ? Алайда не десем де Жантастың бетіне қан жүгірген жоқ. Өзі бір үйдің жалғыз баласы. Ата-анасы ел қатарлы қарапайым адамдар. Алыста жүрген балаларының жайына олар да алаңдайды. Олардың көңіліне қаяу түсірмейін деп Жантас та барынша тырысып жүр. Соның уайымы болса керек, ұнжыраған түсіп жүргендіктен еш себебіне қарамай би кешіне күштеп апардым.
Үлкен қаланың жастары жиналған би кешін көрген соң да жолдасымның қабағы ашылған жоқ. Айналасына ешқандай қызық болмағандай селқос қарайды. Бұрын ойын-сауық дегенде қолды-аяққа тұрмайтын жанның бұл тұрысынан мен де өзімді жайсыз сезіне бастадым. Көп ішінен өтіп, бұрыштағы үстелге жайғастық. Мұндайда адамға не деріңді де білмейді екенсің. Әрнені сөз етіп көңілін ауламақ болдым. Бірақ Жантастың өзі осында отырғанымен бар ойы емтихан тапсырған аудиторияда қалып қойған сияқты.
Бұл жерде оған қызықты ештеңе болмаған соң аздан кейін кетуге ыңғайланды. Менің оны жібергім жоқ.
– Жастық шақта адамның басынан не өтпейді? Бір рет төмен баға алдым деп осынша сары уайымға салынғаныңа таңмын. Ертең-ақ осының бәрін күліп еске алатын боламыз. Шешілмейтін мәселе шешілмейді. Сондықтан енді алаңдауың бекер. Одан да бой сергіт, би биле, сабақ оқу үшін де көңіл күй керек, – деймін оған.
Жантасты залдың ортасында билеп тұрған көңілді топқа қосып жібердім. Енді бір уақытта қарасам құрдасымның жүзі жайнап, көзінде от пайда болыпты. Бар уайымын ұмытқандай бидің қызығына беріліп кеткен.
Қанша уақыт өткені белгісіз, қарап қалсам Жантас бір бойжеткенмен сөйлесіп тұр екен. Екеуінің әңгімесі жарасқаны күлімдеген жүздерінен-ақ көрініп тұр. Кеш бойы қыз-жігіттің жұбы жазылмай, шығарда Жантас жаңа танысын шығарып салуға беттеді.
– Кешегі танысың кім? – деймін ертеңіне оған.
– Би кешінде таныстық. Көзіме бірден жылы ұшырай кетті. Сөзіміз жарасып, кешке үйіне дейін шығарып салдым. Ол да бізбен қатарлас студент екен. Есімі – Балнұр.
Осыдан кейін Жантастың жаңа өмірі басталды. Ләйлісін көрген Мәжнүндей Балнұр десе жүрегі алып ұшады да тұрады. Таңертең алдымен соны көруге асығады. Кешкісін қолтықтасып үйіне дейін апарып салады. Бір күн көрмесе телефонына хабарласып, сыр шертіседі. Жабырқап жүрген жолдасымның бар уайымнан арылып, жанына жақын адамын жолықтырғанына мен де қуандым.
Мен бұл өмірде басқаны Жантас сияқты сүйген адамды көрген жоқпын. Ұйықтаса да Балнұр деп күбірлейді. Жатса-тұрса бар ойлайтыны сол. Әр кездескен сайын ғашығын бір жыл көрмеген адамдай айналып-толғана береді.
– Біз үйленетін болдық, – деді бірде ол бәрімізді таң қылып.
– Оқуды аяқтауға әлі екі жыл бар ғой. Шешім қабылдауға ерте емес пе? Неге сонша асықтың, – дейміз мұндайды күтпеген біз.
– Одан айырылып қалғым келмейді. Балнұрдың өмірлік серігім екеніне күмәнім жоқ. Бұдан артық созғанның еш мәні болмас.
– Үлкендер ше, олар не дейді?
– Ата-анам алғашында қарсылық танытқандай болды. Той жасауға қол қысқа, сәл күте тұрайық дегенді жеткізгілері келді. Алайда баласының азамат болғанына қуанбайтын ата-ана бар ма? Келісім берген сыңайлы.
– Сонда екеуің ерлі-зайыпты болдыңдар делік, екеуің де студентсіңдер. Күнделікті өмірге ақшаны қайдан аласыңдар?
– Үлкендер көмектесер. Мен де қарап қалмаспын. Қосымша жұмыс істеп табыс табуға тырысамын.
Оның бұл ойы көңілге күмән ұялатқанымен, ренжітіп алмау үшін жұмсақ сөйлеп, құттықтауымызды айттық.
Осылайша ессіз ғашық болған Жантас біздің арамыздағы ең алғаш үйленген жігіт атанды. Ойын-тойы қас қаққанша өте шықты. Ата-анасы жалғыз ұлдан ештеңесін аяған жоқ. Ақжарма тілектер айтылып, бәріміз жолдасымыз үшін шын қуандық. Қатарымыздағы бір жігіттің отау тіккеніне өзіміз үйленгендей шаттандық. Балнұр мен Жантас шын мәнінде қарасаң көз тоярдай жарасымды жұп еді. Екеуінің танысуына өзім себепкер болғанымды ойласам, менің де кеудемді мақтаныш кернейді.
Үйленген екі жас тойдан кейін жалдамалы пәтерге көшіп, отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағын аттады. Жантастың қуанышында шек жоқ. Төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай. Бұрын бір күн көрмесе тұра алмайтын адамымен енді серт беріп, бірге болуға сөз байласқан. Бойында жігер, көзінде от пайда болып, тау қопарардай болып жүр. Отбасылық өмір ер адамды соншалық өзгертеді екен ғой.
Алайда махаббат тек ыстық сезім мен аяулы сәттерден ғана тұрмайды. Ерлі-зайыпты болған соң тұрмыстың түйткілдерімен бетпе-бет келесің. Жайлы үйің, ішер асың болмаса, «сүйемін, күйемін» деген сөзіңнің де әсері аз. Соны түсінген Жантас сабақтан бос уақытында жұмыс істеуге көшті. Басында бәрі жақсы еді. Сабақтан шығып жұмысына кетеді. Одан асығып үйіне барады. Ертеңіне тағы сол. Алайда бұғанасы қатпаған бозбала бір үйге тірек болуға әлі қауқарсыз екен. Қанша тырысса да қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қысылғанда бізден қарыз сұрайтын болды. Досымыздан немізді аяймыз? Студент болсақ та қолда барды соған бердік.
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзар» дегендей тойып ас ішіп, сәнді киім киер жағдайың болмаса махаббаттың да шырағын жел үрлейді екен. Ересек өмірмен ерте танысқан Жантасқа тұрмыстың жүгін көтеру оңай болған жоқ. Жасына қарамай бірнеше жұмысқа шықты. Біз сияқты баланы кім қызметке ала қойсын? Күні-түні қара жұмыс істеп, тапқанын үйге апаруға асығады. Ақша табамын деп сабаққа да көп келе бермейтін болды. Бізден алған қарызы да еселеніп кетті.
Бағып отырған баласы жоқ. Бір үйде екеу ғана. Соншалық шығын шығарлықтай себеп көрген жоқпын. Мүмкін Жантас өзі қолдағы ақшаны ұқсата алмайтын шығар. Әйтеуір бұл жерде бір олқылықтың бары анық. Мұнымды жолдасыма қалай айтарымды білмей тағы қиналдым.
Оның сабаққа келмей жүргеніне мұндағылар да қарап отырған жоқ. Айтқан ескертуді елемейтін болған соң оқудан шығаруға кірісе бастаған. Мұның хабарын естіген соң алыстан ата-анасы да жетті. Жантастың неліктен мұндай күйге түскенін сонда ғана білдік.
Біздің махаббат деп жүргеніміз тек бір адамның ғана сезімі екен. Балнұр Жантасты өзіндей жақсы көрмейтін болып шықты. Танысқан сәттен бастап, өзіне қаратып алып, кейін үйлену туралы ойды да миына құя бастаған. Бар қызық бірге тұра бастаған сәттен басталған. Балнұр біз ойлағандай аяулы жар болмай шықты. Күнделікті ананы-мынаны сылтауратып Жантастан ақшаны ала берген, ала берген. Онысын отбасының керегіне жұмсаса жақсы ғой. Қымбат киім, сөмке мен әшекейді ойланбастай сатып алатын болған. Көзі байланған күйеуі бұған да көніп, жұмыс істеп, қарыз алып, қолдан келгенін істеген. Ата-анасы баласының басында қомақты қарыз бен несие бар екенін банктен хабарласқанда бірақ білген. Онымен қоймай оқудан да шыққалы тұр.
Ақыры Жантас пен Балнұрдың жолы екіге айырылды. Жолдасымыз оқуын да жалғастыра алмады. Осылай бір сәттің жастық сезімі бір адамның өмірін ойрандады. Екеуінің танысуына себеп болған мен өзімді әлі күнге кінәлі сезінемін. Егер мен Жантасты сол кешке апармағанымда, екеуі таныспағанда, үйленбегенде…
Жантас туралы ойлағанда көз алдымнан сол би кеші кетпейді. Құлақты жарып жіберердей музыка. Ығы-жығы адам. Жарқ-жұрқ еткен жарық…
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».