«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУҒА БОЛМАЙДЫ

Қонақта отыр едік, бүгінде бала-шаға түгілі, кемпір-шалдардың өздері қатты “бауыр басып” алған ұялы телефон безектеп қоя берді. Телефонды құлағына басқан қатар отырған апайымыздың көңіл күйі лезде бұзылып салды. Енді оның өзі қолындағы телефонға шұқшиып қарап, әлдекімдердің нөмірін тере бастады.

Немересі қаламыздағы Я.Гашек көшесінде орналасқан спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта оқиды екен. 2-3 жылдай болып қалыпты. Алғашқы кезде бәрі ойдағыдай болғанын айта бастаған апайымыз немересінің мектеп қабырғасында оқып жүріп діни жолға түскендігін, жоғары сынып оқушыларының мәжбүрлеуімен түн мезгілдерінде еріксіз намазға жығылып келгенін, өкімзорлық көрсететіндерден қатты қорқатынын жеткізді. Түрлі жарыстарға қатысып, жақсы қырынан көрініп жүрген немересі өзінен ересек балалар күн көрсетпегендіктен сол күні әжесінен ақша сұрап алып, сабақ екеніне, ауа райының қолайсыздығына байланысты бағыттық автобустардың тоқтатылып жатқанына қарамастан, 250-260 шақырымдай қашықтықтағы үйіне тайып отырған. Ал бұл жерде апайымызға алаңдап телефон шалып жатқандар немересінің көрші қаладағы ата-анасы, осындағы аға-жеңгелері болып шықты.

Мұндай жағдайдан біз де хабардар едік. Бұл оқиға жайлы газетіміздің 2014 жылғы 6 желтоқсан күнгі санында “Сабап, “сабақ” бермек болған” деп аталатын шағын хабар жарияланған болатын. Онда қаламыздағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта жоғары сынып оқушыларының өздерінен кіші балаларға әлімжеттік көрсетіп, қорлайтындары жайлы жазылғанды. Осы оқиғаға байланысты нақтылы факті бойынша тиісті құжаттар жиналып, қылмыстық іс қозғалған. Ол облыстық ішкі істер департаментінің бақылауына алынған.

Әлбетте, біз әлімжеттік әскерде ғана жасалады деп жатамыз. Олай емес екен. Өкінішке қарай, біз оны көре тұрып, көрмейміз, біле тұрып, білмейміз. Айқайлайтын жерде, жақ ашпай қаламыз.

Қаламыздағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың кіре-беріс маңдайшасында да көптеген білім мекемелеріндегідей айшықты етіліп “Қош келдіңіздер!” деп жазулы тұр. Осынау білім орнына сырт көзбен қарасаң, шын мәнінде сәнділігімен, көркімен көз тартады. Бұл мектеп-интернаттан елімізге танылған талай спорт тарландары түлеп ұшқан. Сондықтан да шығар, оның сырты қандай жақсы болса, іші де сондай жылылық ұялаған орын ғой деп қаласың. Сырттан келіп білім алып, тәрбиеленетін балаларға арналған мектеп-интернат болғандықтан, солай болуға тиіс те ғой.

“Бақсам, бақа екен” демекші, ал оның ондай емес екенін, сол жерде еңбек етіп жатқандардың өздері “білмей” қалып жатса, басқаларға не зорық?!. “Сырты бүтін болғанымен, іші түтін” екені жалпақ елге енді ғана жария болып отыр. Бүгінде мұндағы қалыптасқан жағдайдың жайсыз екені Сергеевка қаласынан келіп, 2013 жылдан бері оқып жатқан Қайсар Бүркітбаевқа қатысты білініп қалды. Үлкен ағалары спортқа жақын болып өскендіктен шығар, ол да осы жолды таңдаған. 13 жастағы Қайсар спорт мектеп-интернатының 7-ші сыныбына қабылданған.

Бір жыл емес-ау, бір ай өтпей жатып, Қайсардың күні қараңғыға айнала бастаған. Адам аласы ішінде емес пе? Қазақ “Екі тентек қосылса, жау шапқандай болар” дегенді бекер айтпаған ғой. Дзюдошылар, 10-сыныптың бір оқушысы мен 9-сыныптың бір оқушысы төменгі сыныптарда оқитын оқушыларды ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстайтын “тәртіп” орнатқан. Сотқарлар өздерін зор, басқаларды қор санап, қылмағанды қылыпты. Егер кімде-кім дымдарын іштерінен шығарса, көздеріне көк шыбын үймелететінін де әлсін-әлсін білдірген. Осындай “тәрбие сағаты” кезінде өсекші болуға жарамайтындығын, ондай қылық ер балаға жараспайтындығын, өйткен жағдайда мұндай әлсіздік танытатындар қатарластарының арасында “сөз тасушы” немесе “сатқын” деген ат жамылатыны жөнінде “түсінік” жұмыстарын жүргізген. Бұл екеуі түнде еш алаңсыз ұйықтап жататын балаларды бас-көз жоқ төмпештеуді әдетке айналдырған. Аяқтарын күйдіріп, “велосипед тептірген”. Сөйтіп, әлгі жас балалар талай рет ұйқысыз түндерді бастарынан кешірген.

Қайсардың әкесі Бүркітбайдың айтуына қарағанда, жоғары сыныптың оқушылары өздерінен төмен сыныптағыларды келемеждеп, қорлап-жәбірлеуге қоса, 300, 500 теңгелеп “қарызға” ақшаларын, ол аз болса, өздеріне ұнаған басқалай да заттарын сыпырып алып отырған. Үйінен сөмке толы заттармен кететін Қайсар көбіне қайтарда сөмкесін сүйретіп бос оралған. Ата-анасы Қайсардың туған күніне сыйлаған ұялы телефон да басбұзар бұзақылардың қолында кеткен. Айтып айтпай не керек, әдепсіз қылықтарын әдетке айналдырған жүгенсіздер жат әрекеттерін, ессіздік қылықтарына “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа жоқтығынан одан әрі де емін-еркін жалғастыра берген.

Мектеп-интернаттың балалары Степногорск қаласына жарысқа барған сәтте де оларға сотқарлар көргенсіздіктің көкесін көрсетуге тырысып баққан. Балаларды қабырғаға тұрғызып қойып, күн құрғатпай ұрып-соққан. Қайсарды көрген біреуі оны шалқайып креслода отырған қалпы шақырып алып, сәкіге отыруды, демін ішіне жұтуды бұйырады да, қылқындыруға кіріседі. Мұндай бассыздықтан адам қандай күйде болатындығы түсінікті емес пе? Қайсардың көзі қарауытып, есінен танып қала жаздайды.

Кешікпей итқорлыққа шыдай алмаған Қайсар мектеп-интернатты тастап, пәтерге ауысқан. Үй иесі кемпір оның үздіксіз дәрі ішетінін, ұйықтап жатқанда сандырақтап сөйлейтінін, кейде айғайға басатынын, кейде жылайтынын талай рет аңғарған. Ақымақтың ақылы білегінде екенін көрсете білген екеудің шектен шыққан әрекеттерінің әсері емес пе, Қайсардың қазір басы шағып, қатты ауыратын көрінеді. Ішкі ағзасында да өзгерістердің бары анықталған.

Бұл ретте оқу орнының басшылары, тәрбиешілер мен ұстаздар қайда болған деген сауал еріксіз туады. Олар не себепті “Бізде мұндай болуы мүмкін емес” деп, үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Қайсар сияқтылардың мұрны сынып, көзі көгеріп жүргені оларды алаңдатпайтын сияқты.

Аталған мектеп-интернатта еңбек ететіндер осыған ұқсас мекемелердің ашығы бар, жабығы бар, әлімжеттік әскерде ғана емес, дәл осындай жерлерде де жасалатынын мойындамай, оны жоққа шығарғылары келсе, олардың өтірік сөз өрге баспайтынын түсінбейтіндіктері ғой. Одан да қасқыр болып шауып, қорқытып алуға үйірлердің қылығы алдағы уақытта басқаларға сабақ болуы үшін ондайларды тәртіпке шақырмай ма?!

… Жуырда төмендегідей жағдайға қанықтым. Мектеп-интернатта бүгінде 296 бала оқып жатса, 228-і – өз облысымыздан, соның ішінде 50 шақтысы қалада тұрады екен. Ал 68 оқушы – басқа өңірлерден келгендер. Интернатта тәрбиеленетіндердің жасы кішілері бір бөлек, үлкендері бір бөлек тұрады. Бір таңырқататыны, 300-ге тарта балаға мектеп-интернатта бір ғана әлеуметтік педагог, бір ғана психолог қызмет көрсетеді.

Апайдың намаз оқу жайлы айтқаны да шындық болып шықты. Оған Ақтөбе өңірінен келгендер мәжбүрлеген. Мұндай келеңсіздік анықталғаннан кейін оқу орнына мешіттен өкіл шақырылып, оқушылар арасында әңгіме өткізілген. Ал содыр мінез сотқарларға келсек, олардың біреуі өрескел қылықтары білініп, тықыр таянған кезде үйінен бір-ақ шыққан.

“Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады” дегендей, аталған оқу орнында өрескелдік тән оқиға орын алған екен, оны ондағылардың жоққа шығармақ болулары бос әуре. Олар жауырды жаба тоқығаннан гөрі, осындай келеңсіздіктің алдағы уақыттарда қайталанбауын ойлаулары керек. Ал бұл жерде жалпақ елге жария болған жағдайға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағылардың үнсіздік танытқандары да таңырқатпай қоймайды.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp