Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қазір жағажайлар жабық, өзен-көлдерге шомылуға тыйым салынған. Соған қарамастан жауапкершілігі төмен кейбір жерлестеріміз бұл талапқа бағынбай отыр. Бұған “Jas Otan” жастар қанаты мен өңірлік партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Петропавл қаласының жағажайларына жасаған рейд барысында көз жеткізді.
“Jas Otan” жастар қанатының төрағасы Біржан Құдайбергеновтің айтуынша, олар еріктілермен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерімен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, Петропавл қаласының жағажайларын үнемі аралайды. Мұндай іс-шара барысында олар қалалықтарға карантин ережелерін түсіндіреді. Әсіресе, соңғы аптада күн ыстық болғандықтан, күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп, оларға талапты түсіндірумен әлек. “Қазір барлық жағажайлар жабық, бірақ соған қарамастан онда адам қарасы қалың. Біз оларға жағажайлар мен қоғамдық орындарға барудан бас тарту керектігін айтудай-ақ айтып жатырмыз”, – дейді Біржан Құдайбергенов.
Коронавирус инфекциясына байланысты шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап өңірімізде жағажайларға барғаны үшін 201 солтүстікқазақстандық әкімшілік жазаға тартылды. Тағы 258 адам жағажайда ішімдік ішкені үшін жазалы болды.
– Карантин кезінде облыс жағажайларында 900 рейд өткіздік. Бұл жұмысқа еріктілерді жұмылдырдық. Негізінен түсіндіру жұмысымен шектелдік. Келушілердің көпшілігі түсіністік танытып, үйлеріне қайтады. Кейде полиция өкілдері азаматтарға айыппұл салуға мәжбүр болады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Игорь Жуков.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мамандарының айтуынша, тұрғындар тәртіп сақшыларынан тығылып, рұқсат етілмеген өзен-көлдерге түсуде. Соның салдарынан суға шомылу маусымы басталғалы 8 солтүстікқазақстандық қаза тапты. Олардың алтауы – суға шомылу кезінде, бір кісі суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп және тағы бір адам балық аулау барысында су құрбанына айналды.
Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.