
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта тәрбиеленген Оксана Рублева қазір Петропавлдағы “Балдырған” балабақшасында әдіскер болып жұмыс істейді. Ол – отбасы құрып, бала сүйіп, бақытты ана атанумен қатар, ұжымның мақтаулы қызметкері.
Оксана Рублева отбасылық жағдайына байланысты 1987 жылы 11 жасында Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа түседі. Мектеп-интернатта алғашқы кезде қиналғанымен, ондағы жағдайға тез бейімделеді. Ол кезде мектеп-интернат директоры – Валентина Кондратова. Жетімдер үйіндегі әр балаға анасындай қараған ұжым басшысы Валентина Ивановна мен басқа да тәрбиешілердің берген тәлім-тәрбиесі бұл мекемеден кеткеніне жиырма жылға таяса да, Оксана Михайловнаның күні кешегідей есінде.
– Қазір 37-ге келдім. Тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атандым. Бала күнімде анамдай болған Валентина Ивановнаның берген тәрбиесін қазір өз балаларымның бойына сіңіруге тырысып жүрмін. Ұлдарым Владислав пен Дима екеуі де Петропавл қаласындағы №5 орта мектепте, біреуі 7-сыныпта, екіншісі 5-сыныпта оқиды. Екеуі де спортқа жақын. Владислав суда жүзу, Дима конькимен сырғанау спортымен айналысады. Біз Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатты “Жылы үй” дейміз. Шынында да, біз сияқты жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ол нағыз жылы үй. Барлығы бар, отбасылық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болатын, – деді Ольга Михайловна.
Оның айтуынша, әке-шешелері жоқ демесек, кейбір толық отбасысы бар баладан ондағылардың әлеуметтік қамтамасыз етілуі әлдеқайда жақсы. Онда тәрбиеленген балалардың нағыз қиындығы олар үлкен өмірге аяқ басқан шағында басталады. Міне, сол кезде көмек керек-ақ.
“Менің бұл жағынан жолым болды”, – деп Оксана Рублева өмірін ой елегінен өткізгендей, бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң ойын сабақтаған оның әңгімесінен қиналған сәттерінің бірі жайлы білдім.
– Мен үшін ең қиын кезең Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін бітіргеннен кейін басталды. Оқуды бітіріп жұмысқа тұрдым, еңбек өтілім жоқ. Алатын еңбекақым бар-жоғы 4 мың теңге ғана болды, одан коммуналдық төлемге беремін. Ақшам жетпей, сол кезде қатты қиналғаным есімнен кетпейді. Күні бойы бір бөлке нан мен бір бөтелке лимонадты талғажау қылатынмын. Бірде көршім келіп, менің не жеп жүргенімді көріп, үйіне шақыратын болды. Сол күннен бастап 4-5 жыл бойы кешкі асымды көршімнің үйінде ішетінмін. Бір жақсысы, оқуды бітірген соң анамнан қалған үйді қайтарып алдым, яғни әр жерде қаңғырмай, өзімнің баспанам болды. Сосын жұмыста әріптестерім, үйде көршілерім көмектесті, – деп Оксана Михайловна қиналған сәттерде қол ұшын берген абзал жандарды атады.
Олар құдайы көршілері: Марина Ингифук пен оның қызы Наталья Торновских және №24 орта мектептегі әріптесі әрі туған әпкесіндей болып кеткен Тұрсын Дайрабаева.
– Тұрмысқа шыққанымда осы көршілерім мен әріптесім әрі тәлімгерім болған Тұрсын Қапезқызы тойымды жасап берді деуіме болады. Осы қайырымды жандардың ақыл-кеңестерінің арқасында қиындыққа қарсы тұрып, өмірде өз жолымды жаңылмай таптым. Қазір бір жетістікке қолымды жеткізсем, оған осы жаны жомарт жандардың қосқан үлестері өлшеусіз. Туғандарымдай болып кеткен осы кісілерге алғысым шексіз, – деді Оксана Михайловна ағынан жарылып.
Оксана Рублева бастауыш сыныптарды оқыту әдістемесін, дефектолог мамандықтарын меңгерген. Бұған дейін Петропавл қаласындағы №24 мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берген ол балабақшаға ауысқан кезде қайта даярлау курсынан өткен. Ұстаздық еңбек өтілі – 15 жыл, соның 7 жылында “Балдырған” балабақшасының әдіскері болып жұмыс істеп жүр.
– Петропавлдағы №24 орта мектепте бастауыш сыныптардың мұғалімі болып жұмыс істеп жүргенімде Оксана Михайловна бізде тәжірибеден өтті де, мен оның тәлімгері болдым. Кейін мектепте бір мұғалім бала күтімінде болғанда соның орнында істеді. Бірақ ол шыққан соң Оксана Михайловна жұмыссыз қалды. Сол кезде мен №24 орта мектептен “Балдырған” балабақшасының директоры болып ауысқанмын. Оның жұмысқа деген ынтасын жақсы білетін болғандықтан, балабақшаға жұмысқа шақырдым. Ол келісті. Оның қолынан келмейтіні жоқ. Ән айтады, би билейді, тоқиды, кесте тігеді, сурет салады. Қолына алған ісін аяқсыз қалдырмайды, сондай тиянақты. Балабақшада қандай да бір шара өткізсек, Оксана Михайловна соның бел ортасында жүреді. Таяуда бірінші санаттан өтті, – деді “Балдырған” балабақшасының директоры Тұрсын Қапезқызы.
“Жақсы сөз – жарым ырыс” демей ме, Тұрсын Қапезқызының өзі туралы қазақша айтып жатқан жылы лебізін түсінген Оксана Михайловна: “Мен осындаймын”, – дегендей, маған қарап жымиып қойды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.