«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰН – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Еліміз бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуді басты бағыты етіп белгілеп, соның аясында азаматтарымыздың жоғары деңгейлі білім алуына барынша жағдай жасап келеді. Білім саласының сапалы педагог қызметкерлерімен қамтылуына да ерекше мән беріліп отыр.

Бүгінде еліміздің орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу үрдісі жоспарға сай жалғасын табуда. Педагог қызметкерлердің басым үлесі жаңаша оқыту бойынша өз біліктіліктерін арттырып үлгерді. Оқытудың жаңа әдістәсілдерін қолдану, критериалды бағалау жүйесін меңгеру, оқушылардың білім алу үдерісіндегі белсенділігін қамтамасыз етіп, олардың жан-жақты дамуына ықпал жасау – бұл осы күнгі ұстаздарға қойылатын талаптардың бірі ғана. Осы орайда мұғалімдердің заман талабына сай біліктілігін жетілдіруге атсалысып жүрген педагогикалық шеберлік орталықтары мамандарына жүктелер міндет те артқанын айтқанымыз жөн. Мұғалімдердің жаңа бағыт бойынша жұмыс істеуіне Назарбаев зияткерлік мектептері де тәжірибелік көмек көрсетуде. Өйткені, болашақта барлық орта мектептердің білім беру стандарттары зияткерлік мектептер үлгісіне көшіріледі.

Мектеп оқушыларына білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Жастардың оқуға деген ынта-белсенділігін арттыруға, сабақты неғұрлым қызықты әрі тартымды өткізуге, уақытты үнемдеп, жаңа технологияларды тиімді пайдалануға деген талпыныс құптарлық. Заман талабы үдерісінен шығу үшін біздің өңірімізде білім ошақтарын заманауи техникалармен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылмақ. Мәселен, алдымыздағы жылы 4 мың компьютер жаңасына ауыстырылмақ. Мұндай шаралар да жаңа білім беру жүйесін меңгеру барысын жеңілдетіп, жас ұрпақтың ақпараттық-технологиялық білімін шыңдауға, ал ұстаздардың жаңашыл педагог мәртебесін иеленуіне септігін тигізеді.

Жаңартылған оқу бағдарламасынан күтілетін нәтижелердің бірі – оқушылардың алған білімі мен дағдыларын өмірдің кез келген жағдайында пайдалану мүмкіндіктерін қалыптастыру. Жаңа оқыту моделі оқушының жан-жақты ойлауына да көмек көрсетеді. Бұдан бөлек жаңа оқыту бағдарламасы аясында елімізде тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы бастау алды. Қазақстандық жастар екі деңгейлі модульдік бағдарлама бойынша мектепте мамандық түрін игеріп, алған дипломымен бірден еңбек нарығына шыға алады.

Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезов: “Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім”, – деген екен. Бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу – біздің мақсатымыз. Оны іске асыру үшін мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүріп, тәжірибесін жетілдіруден жалықпауы тиіс. Атап өту керек, ұстаздардың мұндай талпынысы елеусіз қалып жатқан жоқ. Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін, сонымен бірге жаратылыстану және математика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің еңбекақысына үстеме қосылды.

Жаңартылған мазмұнды жүйе еліміздің білім саласының халықаралық деңгейге жақындауына, осылайша, өзіміздің бәсекеге қабілеттілігімізді паш етуге жол ашатынына сенімдімін.

Нұргүл ҚОНЫСПАЕВА,

С.Г. Гуденко атындағы Дубровное орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp