
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
– Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында біздің өңірде 60 жоба жүзеге асырылатын болады. Өткен жылы 15 жоба іске қосылса, биыл Индустрияландыру картасы аясында 4,4 миллиард теңгенің 12 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр, – дей келе, Ерік Хамзаұлы өңірлік индустрияландыру картасын өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы деп өзгерту, бірінші бесжылдықтағы 16 жобаны мониторингтен шығару, екінші бесжылдықтағы кәсіпкерлікті қолдау картасынан 3 жобаны алып тастау, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына жаңа жобаларды енгізу, Индустрияландыру картасына жаңа жобаларды ұсыну туралы бес мәселе қаралатынын айтты. Кеңес отырысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алпамыс Жүсіпов күн тәртібіне енгізілген мәселелер жөнінде баяндады. Ол биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 256-бабына сәйкес Индустрияландыру картасы республика деңгейіндегі индустриялық-инновациялық жүйенің мониторинг құралы болып саналатынын айтты.
Кеңес отырысында 4 жоба қаралды. Инвестицияның жалпы көлемі – 24,9 миллиард теңге. Жобаларды жүзеге асыру арқылы 555 жұмыс орнын ашу көзделуде. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы “SMBGROUP Family” ЖШС полипропилен ыдыстар шығаруды жоспарлауда. Ол өндіріс іске қосылғанда 70 жұмыс орны ашылмақ. Жобаны іске асыру 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленіп отыр. “Даму Өндіріс” бағдарламасы аясында несие алу, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша өндіріс орнын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, электр желісін өткізу, жылумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңарту үшін қолдау шаралары қажет. Сондай-ақ, облыс орталығында жартылай дайындалған тоңазытылған және тоңазытылмаған ет, көкөніс өнімдерін шығаратын фабрика құрылысы да қолға алынбақшы. Жоба 2017-2020 жылдар аралығында үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, Тайынша қаласында “Майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі зауыт құрылысы” жобасын Индустрияландыру картасына енгізу ұсынылды. Жоба қуаттылығы – 382 мың тонна. Өнімнің 30 пайызын экспортқа шығару көзделуде. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асырылатын жоба бойынша 210 адам жұмыспен қамтылмақшы.
Өңірлік үйлестіру кеңесі отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталған жобалар жан-жақты қолдау табатынын және Индустрияландыру картасы аясында кәсіпкерлерге тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.