Петропавл қаласының Ойқала шағынауданындағы көпірдің жайы сын көтермейді. Жолдың екі шетін қар суы шайып кеткендіктен, “темір тұлпарға” зақым келтірмей өтудің жалғыз жолы – қарсы бетте көлік жоқ екеніне көз жеткізген соң ғана жолдың ортасымен қозғалу.
Осыдан алты жыл бұрын көктемде су шайып кеткен бұл көпірді қалпына келтіруге 125 миллион теңге қаржы бөлініп, бетон тақталар жаңартылып, асфальт төселген болатын. Былтыр ой-шұқырлар жамап-жасқалғаны болмаса, күрделі жөндеу жасалмаған. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде көпірдің жағдайын жазып, наразылық білдірген тұрғындардың да қатары артты. Жергілікті билік Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір салуды көздеп отырғанын жеткізді. Жоспар бойынша жаңа көпірдің ұзындығы – 345, ал ені 31 метр, яғни төрт жолақты болмақ.
– 21,5 миллард теңгенің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Былтыр үш мәрте конкурс өтті. Алайда мердігер анықталмады. Ал биыл құрылыс материалдарының екі-үш есеге дейін қымбаттауына байланысты, ол енді қайта есептеледі, – деді “Қазавтожол” ҰҚ” АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Қанат Өсербаев.
Ал ескі көпір бұзылмайды. Ол жаяу жүргіншілер жүретін жолға айналмақ.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ.