Таяуда Атырауда Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен болатын. Онда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін кеңінен талқылады. Алқалы жиынға қатысқан біздің облысымыздың делегациясы “NC Procuction Operations Company” өкілдерімен кездесті. Тараптар өзара әріптестік орнату мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітті. Алпауыт компания бүгінгі таңда Солтүстік Каспийде мұнай өндірумен айналысады, сондай-ақ, “Қашаған” жобасының қатысушысы болып табылады.
Кездесу барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов компания өкілдерін өңіріміздегі машина жасау саласының даму барысымен таныстырды.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында мұнай және газ саласына қажетті өнімдер шығаратын 28 кәсіпорын бар. Кадрлық және ғылыми әлеуеттері де жоғары зауыттар жаңа нарықты меңгеріп жатыр. Осылайша, біздің делегация “Қашаған” жобасына қатысу туралы ойларын ортаға салды.
– “Қашаған” бағдарламасы – әлемдік деңгейдегі ең ірі жобалардың бірі. Сондықтан оған біздің машина жасау саласы мамандарының қатысулары маңызды қадам болмақ. Компания өте жоғары талаптар қойып отыр. Бірақ біз олардың сұраныстарына сай жұмыс істей аламыз. Оған мүмкіндігіміз бар, – дейді “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Әрсен Насырханов.
“Қашаған” жобасына қатысу белгілі бір мекемелердің дамуына жол ашып қана қоймай, өңіріміздің жалпы әлеуметтік деңгейіне де септігін тигізбек.
“NC Procuction Operations Company” қондырғыларының көп бөлігі шетелдерден сатып алынады. Дегенмен, Солтүстік Қазақстанда инновацияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар басқа ел тауарларының импортын алмастыру мүмкіндігін туғызады. Яғни, керекті техниканы біздің өңірімізде шығаруға жол ашылмақ.
– Сіздердің өндірістік компанияларыңыздың таныстырылымын көргенімізге қуаныштымыз. Мердігер компанияны іріктеу кезінде басты назарды жергілікті өнімнің дамуына аударамыз. Содан соң барлық үміткерлердің ұсыныстарын қарастырамыз. Халықаралық сертификаттаумен қамтамасыз ету бойынша арнайы бағдарламамыз бар.
Және біз әлеуетті мердігерлерге осы сертификаттарды алуға көмектесеміз, – дейді “NCPOC” компаниясының сыртқы байланыс бойынша директоры Пьер Дельпон.
Алдағы уақытта бұл кездесу Солтүстік Қазақстан жерінде жалғасын табатын болады. Онда шетелдік компания өкілдері машина жасау саласы кәсіпорындарын өз көздерімен көріп, жұмыстарымен таныспақ. Өзара әріптестік және ынтымақтастыққа қатысты қандай да бір нақты шешімдер содан кейін қабылданбақ.
Фариза ЖАЗИТОВА,
журналист.