
Өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің прокуратура қызметкерлерінің алдына қойған негізгі міндеттерге тоқталды. Еліміздің өркендеуінің басты белгілері – заңның үстемдігі, оның орындалуы мен азаматтардың құқығының қорғалуы. Ал заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету прокуратура саласына жүктелген.
– Биыл прокуратура органдарының алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Президент қаңтар айындағы Үндеуінде конституциялық кеңес, прокуратура мен сот жүйесінің қызметін жетілдіру туралы айтқан болатын. Бұл қадағалаушы орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында 168 адам қызмет ете ді, – деді Ерік Хамзаұлы.
Еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель қадалаушы орган сапындағы қызметтік ауыс-түйістердің негізгі себептеріне тоқталды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарған Тимур Тәшімбаев Ақмола облысының прокуроры қызметіне тағайындалса, Алматы қаласында прокурор болған Берік Асылов бізге ауыстырылған.
– Жұмысты тиімді ұйымдастыру, жемқорлыққа жол бермеу мақсатында прокурорлар бір орында бес жылдан артық қызмет ете алмайды. Сондықтан Бас прокурордың бұйрығымен Берік Ноғайұлы Асылов Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып тағайындалды. Ол еңбек жолын аға тергеушіден бастап, Бас прокурордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Соңғы бес жыл Алматы қаласының прокуроры болып жұмыс істеді, – деді Иоган Давидович.
Берік Асылов 1964 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Прокуратура органдарында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар. Ол өзіне көрсетілген сенімді жоғары бағалайтынын, білімі мен тәжірибесін еліміздің солтүстік қақпасы саналатын өңірде заңдылықтың сақталуын қадағалауға жұмсайтынын мәлімдеді. Прокуратураның жұмысы құқық саласымен қатар әлеуметтік-экономикалық жағдайға да әсер ететіні анық. Сондықтан жергілікті атқарушы органмен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Кездесу соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыстың жаңа прокурорына қызметте табыс тіледі.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.