Жуырда еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов Ұлттық олимпиадалық комитет қолға алған “ҮйдемізTeamKz” онлайн жобасының кезекті қонағы болды. Солтүстікқазақстандық балуан карантин кезіндегі жаттығулары туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Карантин кезінде де жаттығуларын жалғастырып жүрген Нұрқожа жаңа салмаққа ауысқанын хабарлады.
– Бапкерлеріммен ақылдаса келе 74 килограмға ауысу туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының арманы – жазғы Олимпиада шыңын бағындыру емес пе? Мен де төрт жылда бір келетін додада көк туымызды желбіреткім келеді. Жаңа салмаққа үйренісуге де оңай емес екен. Өзімнің жаңа салмақтағы болашақ қарсыластарымның күрестерін бақылап, саралап отырамын. Бапкерлеріммен ақылдасып, кеңес сұраймын. Карантин кезіндегі негізгі жұмысым осы, – деді жас балуан.
Токио Олимпиадасының 2021 жылға шегерілуі – солтүстікқазақстандық спортшыға берілген үлкен мүмкіндік. Себебі, жаңа салмаққа үйреніп, өзін бозкілемде еркін сезіну үшін уақыт керек. Осы бір жыл Нұрқожаға жаңа салмаққа үйренуіне, қарсыластарын тануына жетеді.
Жерлесіміз сұхбат барысында өзінің “Күмісбек” атануының себебін де түсіндіріп өтті. Бұған Нұрқожаның соңғы ірі жарыстарда қатарынан екі рет күміс медаль алуы түрткі болған көрінеді. Нұрқожа әлем чемпионаты мен әскерилер арасында өткен бүкіләлемдік ойындарда күміс олжалаған болатын. “Соңғы екі жарыста алтынға қол созым қалғанда сүріндім. Сол кезде бапкерлерім мен балуандар әзілдеп, маған “Күмісбек” деген ат қойды. Екі жарыстың финалдық кездесуінде де жеңіліс табу оңай соққан жоқ. Әсіресе, Нұр-Сұлтанда өткен біріншілікте кілемге чемпион боламын деген сеніммен шығып едім. Алдағы уақытта есемді қайтарамын деп ойлаймын”, – деді Нұрқожа Қайпанов.
Сурет: https://olympic.kz/