Өңіріміздегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары еріктілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды байланыстыруға арналған “Senim” мобильді қосымшасының жобасын әзірледі. Енді қолдауға зәру азаматтар осы қосымша арқылы еріктілерді көмекке шақыра алады.
Бұл тың жобаны Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Камила Амантаева, Рахат Әкімжан, Дархан Жангелді және Өмірхан Ризабек география пәнінің мұғалімі Серік Жолдасовтың жетекшілігімен жүзеге асырды. Жаңа жобаны қолға алмас бұрын оқушылар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сауалнама жүргізіп, олардың күнделікті өмірде қандай кедергілерге тап болатынын, неге мұқтаж екенін зерттеген. Енді оқушылар қосымшаны жетілдіріп, халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр.
– Өткен жылдың қараша айында “UNICEF” және Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы әлеуметтік жобалар байқауын өткізді. Оған қатысуға ниет білдіргендерден 400-ден астам өтініш түсті. Үміткерлердің қатарында біздің команда да болды. Қазылар алқасы жұмыстарды іріктей келе финалға өтетін 10 команданы таңдап алды. Бағымызға орай, оқушыларымыз халықаралық кезеңге өткен команданың бірі атанып, грант ұтып алды. Сол грантты мобильді қосымшаны жасап шығаруға пайдаланамыз, – дейді жобаның жетекшісі Серік Жолдасов.
Қосымша кез келген жастағы азамат қолдануы үшін ыңғайлы етіп жасалған. Көмекке мұқтаж адам тек қандай жәрдем керек екенін жазып, мекенжайын көрсетеді. Қосымшада кімге қандай көмек көрсетілгені, еріктілердің қалай жұмыс істегеніне дейін сақталады. Бұл ақпараттар бөгде адамдардың қолына түспеуі үшін қауіпсіздік шаралары да қарастырылған.
– Мен “Адал” еріктілер клубының мүшесімін. Қазіргі таңда елімізде волонтерлік қозғалысты дамытуға зор мән берілуде. Соны ескере отырып, осындай жоба жасауды ұйғардық. Елімізде 600 мыңдай адам мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатады, – деген Камила Амантаева оқушылардың волонтерлік қозғалыстарға белсене араласқаны тиімді екенін айтты. Себебі, елімізде жастарды қоғамдық жұмыстарға ынталандыру мақсатында жоғары оқу орындарында ерікті болған студенттерге көп жеңілдіктер қарастырылған.
Эльмира КӘЛЕНОВА