«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа әкімге міндеттер жүктелді

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мамлют аудандық мәслихатының сессиясына қатысты.

Сессияда аудан әкімі қызметіне Владислав Лукинның кандидатурасы ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдауға ие болды.

 Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Құмар Іргебайұлы Руслан Анбаев ауданды екі жылға жуық басқарып, осы уақыт аралығында тапсырмаларды жауапкершілікпен орындағанын атап өтті. Инвестиция тарту, жол, құрылыс мәселелерінде біраз мәселелер шешілді. Оның басқару саласындағы мол тәжірибесі ескеріліп, басқа қызметке тағайындауға шешім қабылданды.
Өңір басшыны халық қалаулыларына жаңа әкімді таныстырды.
«Владислав Геннадьевич Лукин еңбек жолын облыстық құрылыс басқармасында бастап, басшының орынбасарына дейін көтерілді. Сол кезден өзін парасатты, білікті маман ретінде көрсете білді. Кейін қала әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді», – дей келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларын жақсарту бағытында бірқатар міндеттер жүктеді.
Ауыл шаруашылығын дамыту, ішкі өнім көрсеткіштерін төмендетпеу, инвестиция тарту, озық жобаларды іске қосу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Аудан Ресеймен шекаралас. Осы себепті инфрақұрылымдар заман талабына сай болуы керек.
Бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жолдарды қалпына келтіруге жұмсалды. Меңгесер көлі аумағын туристік аймаққа айналдыру уақыт күтпейді. Былтыр білім саласына 155 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 550 млн. теңгеге жетті. Жергілікті бюджет көлемі екі еседей артты. Өңір басшысы жүзеге асуы тиіс ауқымды жобалардың бірі ретінде тауарлы-сүт фермасын атады. Ол пайдалануға берілсе, аудан тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мамлютка қаласындағы екіқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды жеделдету қажет. Хоккей кортының құрылысы басталды. Алда денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу белгіленген. Депутаттар корпусымен, активпен бірлесе жұмыс істей отырып, тапсырмаларды орындаудың, қарқынды төмендетпеудің тиімді жолдарын қарастырған абзал.
Сессияда сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты, «Стан» ЖШС-нің директоры Қанат Бекенов ауданға көрсеткен қамқорлықтары үшін тұрғындар атынан Құмар Іргебайұлына алғыс білдірді.
               

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp