
Тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, Жаңа жылмен қауыштық. Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтеді. Медицина саласының қызметкері ретінде келер жылы халқымыздың денсаулығы жақсара түссе екен деген тілегім бар.
Дені сау азаматтар – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан да елімізде денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлінуде. Медициналық қызметті халыққа қолжетімді ете түсу мақсатында 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соның арқасында өлім-жітім басым бөлігін құрайтын дерттер азайды. Мәселен, жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан науқастарға күрделі оталар жасалса, онкологиялық ауруларды емдеп, жазуда озық емдік тәсілдер қолданылып келеді. Емхана қызметі де өзгеріске ұшырады.
Егер бұрындары науқастар дене қызуы кішкене көтеріле қалса, “Жедел жәрдемге” қоңырау шалатын. Қазіргі таңда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханадағы дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Ол үшін емханаға қоңырау шалсаңыз жеткілікті. Дәрігерлер науқастың үйіне келіп, тексереді. Соңғы кезде халық көбінесе “Жедел жәрдемді” шұғыл медициналық көмек қажет болғанда ғана шақыратын болды. Бұл орталықтың жұмысын бірізділендіруге септігін тигізді.
Орталық автокөлікпен толықтай жабдықталды. 2013 жылы қосымша реанимобильдер сатып алынды. Қазіргі таңда “Жедел жәрдемде” 17 бригада бар. Олар тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Кадр тапшылығы біздің орталықта да өзекті. Кардиолог, педиатр және невропатолог мамандар қажет. Келер жылы бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.
Жаңа жылдан күтер үмітіміз зор. Келешекте орталықтың жаңа ғимараты бой көтереді деп жоспарлануда. Оның жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Құдай қаласа, облыс орталығы тағы бір озық үлгідегі емдеу мекемесімен толыға түспек.
Мамадияр БАЙҒҰЛОВ,
облыстық “Жедел медициналық көмек” орталығының бас дәрігері.