Дияз ОМАРОВ,
Рудный орта мектебінің кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Қазіргі таңда өмір бойы азық боларлықтай білім беру идеясын өмір бойы өздігінен үйрену ұстанымына өзгерту қажеттігі туындауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс”, – деген сөздері өзекті болып отыр. Әлем өзгеруі мен заман ағымына сай адамдардың санасы да күн сайын жаңаруда.
Осы орайда әріптесіміз, тәжірибелі, әрі қазақ тілінің білікті мұғалімі Әсем Атығаеваны атап айтуды жөн көрдік. Көп жылдан бері Айыртау ауданындағы Рудный орта мектебінде қызмет етіп келе жатқан ұстаз өзін жан-жақты қырынан таныта білді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін үздік аяқтаған Әсем Шағыманқызы өз мамандығына берілген жан. Білім ошағында аудармашы әрі қазақ тілінің мұғалімі болып еңбек ететін Әсем Шағыманқызы қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Мектептегі кәсіподақ комитетінің жұмысына белсене қатысып, ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түсті.
2009 жылы облыстық Тілдер басқармасының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында өткен “Үздік аудармашы” байқауында жүлдегер болса, 2013 жылы “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалы оқытушыларының ұйымдастыруымен қазақ тілі және әдебиеті пәндері мұғалімдерінің арасында өткізілген “Жүзден – жүйрік” байқауынан 1-орын алып, жеңімпаз атанды.
Әсем Шағыманқызы Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін енгізген үш деңгейлі даярлау жөніндегі біліктілікті арттыру курсынан өтіп, өскелең ұрпаққа жаңаша сапалы білім беруде.
Ол 2013 жылы Петропавл қаласында біліктілікті арттыру институтының 65 жылдық мерейтойына орай өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Ұстаздың “Шеберлік шыңына – алғашқы қадамым” атты мақаласы “Адами капиталды дамытуға бағдарланған білім берудің заманауи үлгісі контексінде біліктілікті арттыру жүйесін жаңғыртудың өзекті бағыттары” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағына енгізілді.
Сонымен қатар Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойына орай өткізген сыныптан тыс іс-шарасы аудандық байқауда 1-орынды жеңіп алып, тәрбиелік шараның сценарийі “Шығыстың шамшырағы” жинағында жарияланды. Әсем Шағыманқызының оқушылары аудандық түрлі байқаулардың жүлдегерлері. 2013 жылы шәкірттері Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналған “Сахна саңлақтары” атты театрландырылған көрініс көрсету сайысында да 1-орынға ие болды.
Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады, – деп ұлы педагог К.Ушинский айтқандай, біліктілігі мен білімін жетілдіру ұстаздардың әрі міндеті, әрі білім беру жүйесіндегі даму құралы. Ұстаз күнделікті оқу арқылы ой-өрісін кеңейтіп, сана-сезімін дамытып, сөздік қорын байытып отыруы керек. Біздің әріптесіміз – өмір бойы ізденуден жалықпайтын ұстаз. Мектептің мұғалімдер ұжымы әріптесімізді осы бойындағы ерекше қасиеттері үшін құрметтейміз және оның әлі талай биіктерге көтерілетініне сенеміз.
Айыртау ауданы.