«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛТОҚСАН – БІЗДІҢ ЖҮРЕГІМІЗДЕ

Ата-бабамыз аңсаған асыл арман – азаттық таңы атып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінде желбіреген көк туымыздың астында бейбіт өмір кешіп отырған жайымыз бар. Түсіне білген адам үшін осының өзі баға жетпес бақыт, қымбат қазына.

Тәуелсіздік таңы оңай атқан жоқ. Қаншама адамның тағдыры тәлкекке түсіп, қазақтың жап-жас ұл-қыздары қыршынынан қиылды. Тарихымызда ерекше орын алып, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған Желтоқсан оқиғасының 1986 жылы орын алғаны баршамызға мәлім.  

Егемен ел болуға ұмтылып, шыбын жанын шүберекке түйіп, шарқ ұрған қазақ жастарының Алматыда шеруге шыққанын қалайша ұмытарсың?! Өрімдей ұл-қыздарымыз еш нәрседен тайсалмады, бастарында сойыл таяқ ойнаса да, ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресте батырлық танытты. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың патриоттық сезімін, ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттау біздің міндетіміз деп ойлаймын. Бұл да тәрбиенің бір түрі. Қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған Желтоқсан оқиғасы жүрегі “Елім!” деп соққан әр азамат үшін ұмытылмас күнге айналды. Жыл сайын қыстың ызғарлы желімен келіп жететін желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпейді.  

Дүниені дүр сілкіндірген тарихи оқиға жайында түсірілген бейнефильмдер де аз емес. Оларды көрген сайын қазақ жастарының қайраттылығына қайран қаласың. Оқиға куәгерлерінің мақалаларын оқыған кезде рухы мықты жас ұрпақтың батылдығына, бойларында тасып тұрған ерікжігердің күштілігіне тағы бір рет көз жеткізгендей боласың. Жарқын болашақ үшін өмірлерін де аямаған қазақ жастарының үмітарманы сол күні аяусыздықпен, айуандықпен жанышталды. Бірақ, әділдік орнап, жойқын бұлқыныстың арқасында желтоқсан желі ақыры ақ тілекке де жеткізді.

“Кең даладан, бос даладан не пайда, бос далада бостандығың болмаса!” – деп Қадыр ақын тегін айтпаған болар. Тәуелсіздік – басымызға қонған бақ. Оны көзіміздің қарашығындай сақтап, бағалай білу керек. Бүгінде тарих қойнауында хатталып, ұрпақ жадында жатталған Желтоқсан оқиғасы – осы жолдың бастауы.

Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты жастардың ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.

Желтоқсан оқиғасы Қызылжар өңірін де шарпыды. Талай жазықсыз жанның болашағына балта шапқан аталмыш оқиғаға біраз жерлестеріміздің қатысқандығы жайында “Солтүстік Қазақстан” газетінің тілшісі Өмір Шалабайұлы “Жалаулы жастық жаңғырығы” атты мақаласында жазған болатынды. (№151. 2013 жыл). Мақалада автор азаттықтың ақ таңын тоғыстырған Боташ Дайыров, Нүркен Төлеков, Қайрат Оспанов, Нұржан Қалиасқаров сияқты бірнеше азаматтың аты-жөндерін көрсетіп, олар жайлы біраз деректер келтірген. Мақала ішінде “Жеңіл атлетикадан бірінші разряды бар политехникалық институттың студенті Жанна Досполова артынан қуғын түскенде желдей ескен желаяқтығының арқасында құтылған. Әйтпесе, қазақтың тағы бір қызы керзі етік тепкісінің астына түсер ме еді?…” деген жолдар бар. Осы жолдарды оқыған кезде көзіме еріксіз жас үйіріліп, күйініштен жүрегімнің ауырғаны әлі есімде. Тәуелсіз ел үшін ерлермен иық тіресе алаңға шыққан қазақ қыздарының өжеттілігін айтсаңшы бәрінен де! Олар қабаған иттерден де, мұздай суық судан да тайсалмаған ғой. Өз басым осындай тағылымы мол мақалаларды іздеп жүріп оқимын. Өйткені, олардың ішінен маңызды, мәнді дүниелерді білесің, көңіліңе тоқисың. Кейінгі өсіп келе жатқан немере-шөберелерге әдемі әңгіме етіп айта отырасың. Міне, осының өзі Желтоқсан оқиғасында жазықсыз жапа шеккен жастар үшін көрсеткен бір тағзым деп түсінемін.

Бүгінгі таңда Елбасының сындарлы саясаты арқасында биік белестерді бағындырып, қарышты қадаммен алға басып келеміз. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздіктің арқасында тілімізді, дінімізді, ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз жанданды. Мұның барлығы біздің бағымызға тәуелсіздік таңымен бұйырған бақыт. Оны қадірлеп, құрмет тұтуды балаларымыздың бойына ананың ақ сүтімен дарыта алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Назым ХАМЗИНА,

“Алтын алқа”

төсбелгісінің иегері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp