Қызылжар ауданының орталығында орналасқан “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оқушыларды кадрлық резервке даярлауда.
Мәжіліс депутаты Петр Шарапаевтың бастамасымен қолға алынған “Профдебют” бағдарламасы аясында аталмыш серіктестіктің “ПрофРесурс” оқу орталығында жоғары сынып оқушыларына алғашқы кәсіби дағдылар үйретілуде. Облыстық кәсіпкерлер палатасы және Қызылжар аудандық білім бөлімінің қолдауымен жүзеге асырылған жобаға Бескөл ауылындағы №2 орта мектеп пен мектеп-гимназия оқушылары қатысуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – шәкірттердің болашақ мамандығын таңдауға көмектесу.
– Өңірде былтырдан бері осындай 13 оқу орталығы ашылып, олардың 11-і “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының реестріне енді. Жоба кәсіпорындардағы тапшы мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері аталмыш серіктестіктің оқу орталығында 124 азамат оқытылып, 96-сы осында жұмысқа қабылданды. Олардың қатарында пластмасса дәнекерлеушілері, экструдер жүргізушілері, пластикалық массаны түйіршіктеу машинистері және түрлі автоматтандырылған машиналарды жөндеушілер бар. Оқу орталығының пайдасы мол екеніне көз жеткізген кәсіпорын басшылығы резервке мамандарды оқушылар қатарынан даярлауға бел буды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім жетекшісі Владимир Литвиненко.
Оның айтуынша, бұл оқу орталығы оқушыларға жаз мезгілінде табыс табуға да мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, олардың екі жылдық оқуға кететін шығынын кәсіпорын өз мойнына алуда. Орталықта теориялық сабақтар жүргізілсе, цехтарда өндірістік тәжірибеден өту қарастырылған. Оқушыларға зауыттағы мамандар, атап айтқанда, бөлім меңгерушілері мен өндіріс цехтарының шеберлері бар білгенін үйретеді. Жастарға мамандық таңдауға бағыт беру үшін олармен психолог жұмыс істейді. Оқу аяқталған соң оқушыларға куәлік беріледі.
“ПрофРесурс” оқу орталығының директоры Татьяна Мишкина жобаның кәсіпорын үшін маңызы зор екенін айтты. “Біздің серіктестік ерекше қарқынмен дамып келеді. Демек, бізге әрқашан кәсіпорынмен бірге жетіліп отыратын білікті қызметкерлер керек. Сондықтан осы жобаны қолға алдық. Бұл өңірдегі жұмыссыздықты жоюға үлесін қосады деп ойлаймын. Мәселен, кәсіпорнымыз орналасқан елді мекеннің жастары осында жұмыс істеуге тырысатын болады, – деді Татьяна Мишкина.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.