«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУДІҢ ҚАМЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мен жастар ұйымдары жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты бірігіп еңсеру мақсатында үстіміздегі жылы меморандумға қол қойған болатын.

Осы ретте жемқорлыққа жол бермеуді басты мақсатына айналдырған жастар бірлесіп рейд ұйымдастырды. Олар Петропавлдағы №1, 3 емханалар мен Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, аталмыш мекемелердің қызметін пайдаланушыларға 200-ден аса сауалнама парақтарын жолдап, ақпараттық хабарламалар таратты. Сұрақтар көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы, мамандардың құқық бұзушылыққа, жемқорлық әрекеттерге жол берулері турасында өрбіді.  

Бас-аяғы он сауалдан құралған анкета парақшасын тұрғындарға біз де тараттық. Бас қатырып ойланбай, лезде жауап бергендердің қарасы қалың болды. Соның бірі – Қызылжар қаласының тұрғыны Марал Ілиясова. Үшінші топтағы мүгедек:

– №1 қалалық емханада тіркеуде тұрғаныма көп болды. Жылына екі рет дәрігерлерге қаралып тұрамын. Осы уақыт аралығында менен біреудің ақша дәметкенін басымнан өткермедім, – дейді.

Игі шараны ұйымдастырушылардың бірі – жастар бастамалары орталығының бөлім басшысы Серік Айдарбековтің айтуынша, бұл бірлескен істің бастамасы ғана. Белсенді топ алдағы уақытта Петропавлдағы жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарын араламақ.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp