Жер – халқымыздың басты байлығы. Демек, оны тиімді пайдалану қоғамға керек ауыл шаруашылық өнімдерін толық алу, топырақтың құнарлылығын сақтау аса маңызды міндет болып табылады.
“Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Бұл заң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану арқылы оларды нарықтық айналымға енгізу, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін жеңілдету бөлігінде “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауға бағытталған.
Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге ынталандыратын жаңа тетіктерді, соның ішінде жекешелендіру арқылы және олардың ұтымды әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша құқықтық-ұйымдастыру шаралар кешенін енгізуді көздейді.
Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақмерзiмдi жер пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын хабардар ету шартымен, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруді қоспағанда, жер учаскесiн жалдау шартының мерзiмi шегiнде иелiктен шығаруға және беруге құқылы.
Сондай-ақ, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес жер пайдаланушылары көрсетілген әрекеттерді жер пайдалану құқығын сатып алмай жүзеге асыра алады.
Ауыл шаруашылығы мақсаты үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін оралмандарға жиырма бес жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға да сонша уақыт қарастырылған.
Мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыру шартымен сауда-саттықтың аукциондық нысаны арқылы жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жер учаскесін оның кадастрлық (бағалау) құнын арттыру шартымен кемінде екі аукцион өткізу қорытындылары бойынша сату мүмкін болмаған кезде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын төмендету шартымен сауда-саттықтың аукциондық нысаны арқылы ерекше тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл ретте жер учаскесін оның кадастрлық құнының елу пайызы мөлшерінен төмен бағаға сатуға жол берілмейді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге байланысты нысандарды салу кезінде және шаруашылық жүргізу нысаны ауысқан кезде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі алынып тасталады.
Одан басқа, салым ретінде шаруашылық жүргізу серіктестіктердің жарғылық капиталына немесе салым ретінде өндірістік кооперативтерге үлес деректері берілген жер үлестері иеленушілерінің құқықтарын қорғайтын норма қарастырылады. Сөйтіп, жер учаскесін жекеменшікке сатып алу бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда шаруашылық серіктестіктерге қатысушылар және өндірістік кооперативтердің мүшелері қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығуға құқылы. Бұл ретте шаруашылық серіктестік немесе өндірістік кооператив Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесін бөліп шығаруға не оның құнын төлеуге міндетті.
Үлес немесе пай есебіне нақтылы бөлiп шығарылатын жер учаскесінің орналасқан жері шаруашылық серіктестіктердің, өндірістік кооперативтердің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен немесе тараптардың келісімімен айқындалады.
Егер уақытша жер пайдаланушы жер учаскесін не оның бір бөлігін сатып алу құқығын жалдау мерзімі аяқталғанға дейін осы Кодексте көзделген тәртіппен іске асырмаса, оның жер учаскесіне не оның бір бөлігіне жер пайдалану құқығы тоқтатылады және жер учаскесі не оның бір бөлігі одан әрі сауда-саттықта (аукциондарда) сату үшін мемлекет меншігіне қайтарылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі осы Кодекстің 48-1-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргiзу үшiн уақытша жер пайдалану құқығымен берілген жер пайдаланушылар жер учаскесін не оның бір бөлігін уақытша жер пайдалану (жалдау) мерзімі аяқталғанға дейін жекеменшiкке оның кадастрлық (бағалау) құнының елу пайызы мөлшерінде айқындалатын жеңiлдiктi бағамен төлеу мерзiмiн он жылға дейін ұзартып сатып алуға құқылы.
Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргiзу үшiн төлеу мерзімін ұзартып не жеңілдікті бағамен жер учаскесін бұрын сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жер учаскесінің кадастрлық құнының кемінде елу пайызын төлеген кезде ол үшін қосымша төлем алмастан, осындай жер учаскесінің меншік иелері болып табылатынын да айтып өткеніміз жөн.
Мейрам МЕҢДІБАЕВ,
облыстық жер инспекциясы
басқармасының басшысы.