«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕ БАСТАСАҢ, КҮНДЕЙТІНДЕР КӨБЕЙЕДІ»

– Балдырған Қамбарұлы, сіз 40 жылдан астам уақыт білім беру саласында еңбек етіп ке­лесіз. Адам өмірінің мәніне айна­латын мамандық таңдауда жа­ңылмаған сияқтысыз.

– Әкем Қамбар Ілиясұлы со­ғысқа дейін бастауыш мектептің мұғалімі болып еңбек етіпті. 1941 жылы майданға аттанып, елге капитан шенімен оралған. Соғыстан келген соң да бала оқытуды жалғастырды. Бізге дейінгі аға буын өкілдері сол кісінің тәлімін алды. Әкеме арқа сүйеп өстім. Ол кісі соғыстан алған жарақаты салдарынан дү­ниеден ерте озды. Ол кезде мен он екі жаста едім. Мені білім беру саласына бағыттаған да сол кісі.

Мектепті аяқтағаннан кейін институтқа түсе алмай, әскерге аттандым. Борышымды өтеген­нен кейін арнайы жолдамамен оқуға қабылдандым. Екінші курста танысқан болашақ жа­рым математика пәнінің мұ­ғалімі еді. Диплом алғаннан кейін Шал ақын ауданындағы Балуан ауылына аттандық. Онда 11 жыл еңбек еттік. Мұғалім болғаныма бір жыл өткеннен кейін оқу ісінің меңгерушісі болдым. Мен шабытты да, ма­хаббатты да сүйікті маманды­ғымнан алдым.

– Егемендік жылдары облыс орталығында алғаш ашылған қа­зақ мектептерінің біріне қызметке қабылданыпсыз. Таңдаудың сізге түсуі тегін емес шығар?

– Теледидардан қалада клас­сикалық гимназия ашылатыны туралы хабарды көріп, сонда жұмысқа орналасу үшін жолға шықтым. Интернационал кө­шесімен келе жатып, бұрынғы қазақ интернаты ғимаратына көзім түсті. Белгілі педагог, марқұм Назымбек Оразымбетов те сол жерде жүр екен. Ол кісі №6 мектепте жұмыс істеу тура­лы ұсыныс айтты. Бұл қазақ мектептері енді ашылып жат­қан қысылтаяң кезең еді. Қазақ ата-аналарының өзі балаларын ұлттық мектепке беруге қарсы болды. Үй-үйді аралап, бала жи­надық. «Қазақ тілінің болашағы жоқ. Нені үгіттеп жүрсіңдер?» деп кеудемізден итерген жан­дарды да көрдік. Не маман, не әдістеме, не оқулық жоқ қиын кезең бүгінгі ұрпақ үшін ертегі сияқты көрінуі мүмкін.

Кейін Жұмысшы кентіндегі №42 орыс мектебіне директор болып тағайындалдым. Бұл оқу орнының да жағдайы мәз емес еді. Аталған ауданда маскү­немдік, нашақорлық, ұрлық-қарлық белең алған. Сондай ор­тада өскен балалардың жартысы сабаққа келмейтін. Бір бөлігі ұрлық жасап, заңсыз жұмыс іс­тейтін. Мен күн сайын сабаққа келмеген әр баланың үйіне ба­рып, ата-анасымен жолығамын. Мұғалімдермен жұмыс істеп, олардың беделін, біліктілігін арттыруға тырысамын. Мек­тептің адам шошырлық күйдегі жертөлесін жөндеп, спорттық үйірмелер аштық. Балалар түрлі байқауларға қатысып, ынтасы оянып, ертеңге деген сенім пай­да болды. Алғашында мені қа­былдағысы келмеген кент тұр­ғындары кейін қимай қоштасты.

– Білім беру саласында жетістікке жеткендердің бірі бас­шылық лауазымға, бірі мемле­кеттік қызметке, енді бірі зерттеу саласына бет бұрып жатады. Сіздің өз мамандығыңызды биз­неспен ұштастыруыңыздың себебі неде?

– Қазақ мектеп-интернатын басқарып жүрген кезде Герма­нияның Ганновер қаласындағы дидактикалық орталықта бол­дым. Сонда байқағаным, шетел­де жекеменшік білім ордалары көп екен. Табыс тапқысы келген адам ақшасын мектеп пен бала­бақшаға салады. Елге оралған соң кәсіпкерлік негіздері бо­йынша білім алдым. Кейін жеңілдетілген несие алып, 2012 жылы Жұмысшы кентінде бала­бақша аштым. 2015-2016 жылда­ры тағы екі жаңа ғимарат сәби­лерді қабылдай бастады.

– Қазақтың бұрыннан келе жатқан теріс мінезі – бір азаматы топтан озып, бағы асып бара жатса, балағынан тартып, сүріндіріп қалуға тырысады. Бұл кесел ұл­тымызға қайдан жұққан?

– Мен біраз мемлекетте бол­дым. Мұндай теріс әдет бізде ғана емес, барлық ұлтта бар. Алайда қазақ қоғамында асқы­нып кеткен. Өмірлік тәжірибе­ме сүйенсем, мұндай жағдай ер-азаматтың өмірінде 45-55 жас арасында кездеседі екен. Адам алдымен өзін түзеуі керек. Күншілге қарапайым адам да, басшы да, билік те жаман.

Алғашында бәрі дос, бәрі жа­нашыр сияқты көрінеді. Бірақ жетістікке жете бастасаң күндей бастайды. Мектепте жұмыс істеп жүргенде аяқтан шалғысы кел­гендер көп болды. Қазақ оқу­лықтарын сараптау бойынша көп жұмыс істедім. Кейін ол ең­бектен де атымды өшіріп тастап­ты. Алайда Құдайға шүкір, атымды ел біледі, халық сыйлай­ды. Шындықтан тайған кезім жоқ. Маған мансап пен ме­дальдің керегі жоқ. Өз ісімді дөңгелетіп отырған қарапайым кәсіпкермін.

– Өңірде қазақ тілді балабақ­шалардың аздығы ата-аналар үшін басты мәселеге айналып отыр. Сіз жетекшілік етіп отырған балабақшада ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Бұл мәселе құр айқаймен шешілмейді. Әркім өз әлінше іс қылса, тіліміздің мәртебесі биік­тейді. «Әр бала – бір жұлдыз», «Адал азамат» сынды жобалар­ды қолға алдық. Аптаның әр күнін ұлттық тәрбиеге арнай­мыз. Дүйсенбі әнұран айтсақ, сейсенбіде қазақ тілін үйренуге ден қоямыз, жұма ұлттық киім киеміз. Орыс топтарындағы ба­лалар да мемлекеттік тілді үйре­нуде. Олардың санасына Қы­зылжар атауын да сіңіріп жатыр­мыз. Өзге этнос өкілдерінің ұл-қыздары әңгімесін «Біздің Қы­зылжар қаламызда» деп бастағанда көңілің көтеріліп, жаның жадырайды. Әжелер, аналар, әкелер мектебі жұмыс істейді.

– Білім саласы өкілдері тара­пынан қазақ балалары тұйық, бұ­йығы, басқа этностың ұл-қызда­ры ашық, еркін, белсенді деген пікірді жиі естиміз. Мұны сіз де байқап жүрсіз бе?

– Бұл сөздің жаны бар. Орыс халқының жақсы қасиеті шындықты ашық айтады, өсек-аяңға сенбейді. Балабақшаға алып келгенде сәбилерінің қандай кемшілігі барын жайып салады. Ал өзіміздің қазақ балаларының ішінде жалтақ, тұйық бүлдіршін­дер көп. Біз баланы сеніммен емес күдікпен тәрбиелейміз. Әр қадамынан қорқыныш іздеп отырамыз. Өз сәбиінің тілінің жетілмегенін жасыратын әке-шешелер де бар. Жағдайы жақсы отбасыларда тәрбиеленіп жат­қан балалардың көбі түрлі дерт­ке шалдыққан. Аутистер көп. Біз баланы жеке тұлға емес, меншік ретінде көру дағдысы­нан әлі арыла алмай келеміз.

– Былтыр облыс әкімімен болған кездесуде жекеменшік ба­лабақша иелері белгіленген қар­жының балаларды тамақтанды­руға жетпейтінін айтып шағым­данды. Халықтың алқымынан ал­ған қымбатшылық бизнестің де дамуын баяулатуы мүмкін бе?

– Қазір кәсіпкерлердің күні-түні ойлайтыны осы. Өзім де та­ңертең көзімді аша сала доллар­дың бағамын қараймын. Өйт­кені баға ырыққа бағынбай ба­рады. Ал біздің сапаны төменде­туге қақымыз жоқ. Мемлекеттен әр тәрбиеленуші үшін қаржы аламыз. Алайда бұл көмектің кө­лемі соңғы 5 жыл бойы өзгерген жоқ. Санаулы күндерден кейін жаңа салық заңнамасы күшіне енеді. Салық мөлшері көбейген соң, баға тағы ырық бермей ке­теді. Азық-түлік, коммуналдық қызмет құны аспандаса, біз де қызмет құнын арттыруға мәжбүр боламыз. Осыны ойлағанда жы­ларман күйге түсемін. Жатсам-тұрсам балаларға жайлы жағдай жасауды уайымдаймын. Бала – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

– Сіздің ән айтып, өлең жа­зып, аспапта ойнайтыныңызды білеміз. Жұмыстың көптігінен шығармашылық қабілетіңіз шетте қалып қойды деп өкінбейсіз бе?

– Адам – өз өмірінің сәу­летшісі. Оның көркем безендірі­луі де, сүреңсіз күйге түсуі де өзі­не тікелей байланысты. Мен өмірді қиындатпай, алғыспен өмір сүру керек деген қағиданы ұстанамын. Өтіп кеткен іске өкінген кезім жоқ. Тағдыр деген де сол емес пе? Әр сәтіме риза­мын. Ән айтқаннан бөлек жаба­йы табиғат туралы танымдық хабарларды қызыға қараймын. Немерелеріммен ойнаймын. От­басыммен табиғат аясына шық­қанды жаным сүйеді. Тамақ та пісіремін. Спорттан қол үзген емеспін. Қыста шаңғы тебемін. Кешкісін фитнеске, күнара жү­зуге барып тұрамын. Бұрын жұ­дырықтасумен айналысқанмын. Бильярдты жақсы ойнаймын. «Сыр сандық» деген жыр жина­ғым жарық көрген.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp