Облыс аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күнінде көлікті мас күйде басқарған 33 жүргізуші ұсталды.
Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында кешкі рейд барысында учаскелік полиция инспекторлары «LADA Priora» автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде 53 жастағы жүргізушінің көлікті мас күйде басқарғаны анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысы да оның спирттік ішімдік ішкенін растады. Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Енді көлікті мас күйде басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының басты мақсаты жол жүру ережелерін өрескел бұзудың алдын алу болып табылады. Үш күндік жедел-профилактикалық іс-шараға 400 полицей мен 143 автопатруль жұмылдырылып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға бекеттер қойылды. Соның нәтижесінде облыс бойынша жол жүру ережелерін бұзудың 1 599 дерегі анықталған. Оның ішінде, 33 – көлік құралын мас күйде басқару, 162 – жылдамдықты асыру, 145 – көлікті басқару кезінде телефонмен сөйлесу, 189 – қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан болған 220 бұзушылықтар.
Жыл басынан бері облыс жолдарында 700-ге жуық мас жүргізуші ұсталды. Жол жүру ережелерін бұзудың 30 мыңнан астам дерегі тіркелді. Жалпы сегіз айда Қызылжар өңірінің жолдарында 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 17 адам қайтыс болып, 150-і әртүрлі дәрежеде дене жарақатын алған.