Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар міндетерді белгілеп берді. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер жасау, несие төлемдерін кейінге шегеру, тексерулерге тыйым салумен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттігін атап көрсеткен болатын.
«ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беру үшін биыл 36 миллиард теңге қаржы бағыттауды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2013 жылдан бері шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қаржы операторы болып табылады. Ал 2017 жылдан бастап компания 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырып келеді. Бағдарлама аясында қор жалпы сомасы 160 млрд. теңгені құрайтын 53 мыңнан астам шағын несие берді. Осының нәтижесінде 53 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобалары түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырылады. Нақты айтар болсақ, мал және өсімдік шаруашылығы, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар.
Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша несиенің жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызды құрайды. Сондай-ақ, тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7 пайыздан аспайды.
Бағдарламаға өз кәсібін ашқысы не кеңейткісі келетін азаматтар қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, кәсібін бастағысы келген азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында берешегі болмауы керек.
Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалынан несие алған кәсіпкерлердің 60 пайызы – бірнеше рет жеңілдетілген несие рәсімдегендер. Солардың бірі – «Тамыр» шаруа қожалығының басшысы Жанғали Ысқақов. Айыртау ауданында тұратын ол мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер 2011 жылдан бері қормен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. «Еңбек» бағдарламасына қатысқан фермер ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, егін егуге, мал басын көбейтуге несие алған. Былтырғы жылдың соңында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін тағы несие рәсімдеді. Қазір ол көктемгі егіс науқанына қызу дайындық үстінде. Малдарын да төлдетіп, қарбалас жұмыс атқаруда.
Несие алу шарттарын білу үшін облыстардағы филиал менеджерлерінен және кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарынан кеңес алуға болады.
Әлия ЕҢСЕБАЕВА,
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз хатшысы.