Кәсіпқой спортта жеңілістің кермек дәмін татпаған саңлақ кемде-кем. Атағы дүние-жүзіне дүрілдеп тұрған спортшылар мен үздік командалардың қаншалықты жұлдызы жарқыраса да, жеңіліс тапқан кездерін көріп жүрміз. “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” деген осы. Алайда, бұл заңдылықтың бұрыстығын сөзбен емес, ісімен дәлелдеген саңлақтар да бар.
Хабиб Нурмагомедов. Аралас жекпе-жектің (“UFC”) жеңіл салмақтағы чемпионы Хабиб Нурмагомедов – спорттық мансабында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген саңлақ спортшы. Ол жуырда ғана БАӘ-де ұйымдастырылған “UFC 254” турнирінде америкалық Джастин Гэтжиді қылқындыру әдісімен жеңгеннен кейін үлкен спорттан кететінін хабарлаған болатын. Дағыстандық 2012 жылдан бері өнер көрсетіп келген. Жекпе-жектердің басым бөлігінде үшінші кезеңде жеңіске жетіп отырған. Эл Яквинтаға қарсы өткен кездесуде айқын басымдықпен жеңіске жеткеннен кейін жеңіл салмақтағы чемпион атанады. Ирландиялық Конор МакГрегор, америкалық Дастин Парье мен Джастин Гэтжимен болған жекпе-жектерде чемпиондық атағын сәтті қорғады. Дағыстандық шебердің нәтижесі – 29 жеңіс, 0 жеңіліс.
Флойд Мейвезер. Жасы қырықтың қырқасына шыққан америкалық боксшы Флойд Мейвезер теңдесі жоқ былғары қолғап шебері ретінде танымал. 1996 жылы кәсіпқой боксқа келген америкалық шаршы алаңда 21 жыл тер төкті. Сол аралықта 50 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, 27 қарсыласын нокаутқа жіберді. Нәтижесінде “Бір дәуірдің ұлы боксшысы” деген атаққа ие болды. Ол өз дәуірінің барлық мықтыларын ұтты. Бес салмақ дәрежесі және бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы атанды.
Жер бетінде адам баласынан жеңіліп көрмеген АҚШ-тың атақты кәсіпқой боксшысы соңғы бәсекесінде ережесіз жекпежектің шебері, ирландиялық Конор МакГрегорды айқын басымдықпен ұтқан болатын. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті. Мейвезер не рингке шыққан жоқ, не спорттық карьерасын аяқтайтынын айтпады.
Джимми Барри. Кәсіпқой бокс қалыптаса бастаған жылдары америкалық Джимми Барридің атағы дүркіреп тұрғаны сөзсіз. 1891 жылы жеңіл салмақта дебюттік кездесуін өткізген спортшының рекорды – 69:0. Ол 8 жылдың ішінде шаршы алаңға 69 рет көтеріліп, жекпе-жектердің 58-інде жеңіске жеткен. Ал қалғанын тең нәтижемен аяқтаған.
Бір атап өтерлігі, ол жылдары бір салмақ дәрежесінде тек бір чемпион болатын. Яғни, қазіргідей бір салмақта “WBC”, “IBF”, WBA және тағы басқа нұсқалар бойынша бірнеше жеңімпаз болған жоқ. Бокссүйер қауымға “Кішкентай арыстан” лақап атымен танымал болған Джимми Барри 1894-1899 жылдары аралығында абсолютті чемпион титулын 6 рет қорғаған.
“Майами Долфинз”. 1972 жылы америкалық футболда ерекше сенсация орын алды. “Майами Долфинз” командасы біріншілік аясында өткен әр кездесуде жеңіске жетіп, Супербоул жеңімпазы атанды. Аталмыш маусымда олар бірінші кездесуде “Минессота” командасын 16:14 есебімен ұтқан болатын. Барлық ойындарда қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген “Майами Долфинз” “плейофф” ойындарына қиналмай жетті. Бұл жолы олар “Кливленд” клубын – 20:14, кейін “Питтсбургті” 21:17 есебімен жеңді. Ал Супербоулда “Вашингтон Редскинс” командасымен кездесті. Сарапшылардың пікірінше, сол матчта вашингтондықтар фаворит болып саналған. Дегенмен, қорғанысы мықты “Майами Долфинз” қарсыласын 14:7 есебімен жеңді.
“Арсенал”. Футболдан Англия біріншілігі – нағыз қызу бәсекенің ортасы. Турнир кестесінде соңғы орындарда орналасқан команданың көш бастап келе жатқандарға тойтарыс беріп, сенсация жасауы ғажап емес. Маусым барысындағы кездесулерде жеңіліс таппау қиынның қиыны. Тіпті, мүмкін емес деуге болады. Алайда, 2003-2004 жылғы біріншілікте ерекше нәтиже көрсеткен лондондық “Арсенал” клубы отандық спорт тарихына енген болатын. Кейін сарапшылар бұл команданы аталмыш біріншілік тарихындағы ең үздік ұжым атануға лайық деп таныды.
Біріншілікте ең көп ұпай жинаған лондондықтар бірінші орын үшін “Челси” мен “Манчестер Юнайтед” клубтарымен таласқа түсті. Арсен Венгердің командасы бірде-бір рет жеңілмегенімен, бірқатар матчтарды тең нәтижемен аяқтаған болатын. Жаңа жыл мерекесінен бастап лондондықтар қатарынан тоғыз ойында жеңіске жетеді. Ал “Уайт Харт Лейн” стадионында “Тоттенхэм” командасына қарсы өткен дербиде жеңіске жетіп, АПЛ-да чемпион атанады. “Арсеналдың” 49 матчқа созылған жеңіліссіз сериясы тек “Манчестер Юнайтед” клубына қарсы өткен матчта аяқталды. Әзірге бірде-бір ағылшын командасы бұл жетістікті қайталай алған жоқ.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.