Бірлік салтанат құрған жерге жеңіс ту тігеді! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Бірлесе білген ел бәрін жеңеді” мақаласын оқып шықтым. Бұл коронавирус пандемиясы тараған кезде халқымызға бағдар көрсететін, қолдау беретін, бірлікке үндейтін дүние болды.
Елбасы – ғаламдық тұлға екені анық. Сонау тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан алғашқы кездері жас мемлекеттің тізгінін ұстап, әлемдік державаларды қарымды ойларымен аузына қаратты. Оның саяси күшінің қайнар көзі – халық үніне құлақ асуында. Еліміздің Тұңғыш Президенті халықтың ішкі қажеттілігін тереңінен түсініп, оның мұң-мұқтажын шешіп, дұрыс бағдар берумен айналысты. Әр кезде өз ойын нақты, халыққа ұғынықты етіп жеткізді.
Осы жолы да еліміз ауыр індетпен күреске кіріскен кезде қазақстандықтарға жақсылық пен амандық-саулық тілеп, барлығымызды төзімді әрі сабырлы болуға шақырды. Біз мұны оның: “Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін”, – деген сөздерінен байқаймыз.
Қиындықтарға қарамастан, ел экономикасы қарыштап дамыды. Десе де, осы жолғы дағдарыс осыған дейінгі бастан кешкен қиыншылықтардан күрделілеу болатынын ескертті. Өйткені, тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша көптеген өндіріс орындары жабылып, адамдар жұмыссыз қалды.
Еліміздегі осындай қиыншылықтарды еңсеру үшін Елбасы, алдымен, еліміздің өзіндік қасиетіне айналған татулық пен бірлік, ішкі тұрақтылықты сақтау қажет екенін қадап айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына толықтай қолдау көрсетуге шақырды. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктердің бар екенін жеткізді. Тәуелсіздіктің басынан бастап, ұлы Абайдың “Кімге достығың болса, достық достық шақырады” деген дана қағидасын басшылыққа алатынын да айтып өтті.
Өз басым Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі және әскери азамат ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарын қалыптастыру мен дамытудағы ерекше рөлін атап өткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының және ерен еңбегінің арқасында Қарулы Күштер мен арнайы органдардың әлеуеті артқаны сөзсіз. Әскери саладағы реформаларына бұл саланың басы-қасында жүріп куә болдым. Осының нәтижесінде бүгінде бізде қауіпсіздік жүйесі жоғары деңгейге шықты. Әскеріміз жасақталды, шекарамыз бекітілді, барлық елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнаттық.
Өздеріңіз байқағандай, дәрігерлермен қатар індетпен күрестің алдыңғы шебінде күш құрылымдары жүр. Бірі блок-бекеттерде қызмет атқарса, бірі карантиндік режімді қадағалауда. Онсыз індетті жеңу мүмкін емес. Елбасы өз мақаласында “Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды” деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді” деп нақтылап өтті. Осы індетпен күресте жүрген әскери құрылымдардың карантиндік режімді сақтауға, ел денсаулығын нығайтуға қосар үлесі мол. Осындай қиын-қыстау кезде халқымызды тәртіпке бағынуға, барынша дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлеріне қолдау көрсетуге және Елбасы мен Мемлекет басшысының Үндеулеріне құлақ асуға шақырамын. Бірлік салтанат құрғанда, ерлікке жол бар. Бірлік бар болғанда береке, ынтымақ, жеңіс шаңырағымызға келіп орнығады.
Асыл қазынамыз, баға жетпес байлығымыз – тәуелсіздік пен елдігіміз мәңгілік, ынтымағымыз берік болғай! Біз біргеміз!
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант.