
Тәртіп сақшылары соғыс ардагерлері Григорий Красильников пен Иван Шиппті және жауға қарсы жан аянбай күрескен майдангер Насыр Әбілмәжіновтің жесірі Варига Шәймерденқызын Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев бастаған сақшылар ардагерлерге Мемлекет басшысының, Ішкі істер министрінің құттықтау хаттарын және “Ұлы Жеңістің 75 жылдығы” мерейтойлық медалін, азық-түлік пакеттерін табыстады.
Григорий Красильниковтың майданда жүріп өткен жолы 7 мың шақырымнан асады: ол Хабаровскіден Польшаның Люблин қаласына дейін жеткен. Татарстаннан шақырылған жас мұғалім соғыс шебіне Хабаровск қаласының маңында қосылған. 1943 жылы Жапония тарапынан қауіп сейіліп, кеңестік әскерлер батысқа жіберіледі. Курск иінінде үш апта соғысқан ол жарақат алып, госпитальға түседі. Соғыстан кейін құқық қорғау органдарының қатарында қызмет атқарған ардагер подполковник шенінде зейнет демалысына шықты.
Соғыс басталғанда 16 жастағы Иван Шипп Омбы қаласында командир курсында оқып жүрген. Майдангер Ұлы Жеңісті Калининградтан 40 шақырымда орналасқан Пиллау бекінісінде қарсы алады.
Варига Шәймерденқызын да тәртіп сақшылары қамқорлығына алған. Оның жұбайы Насыр Әбілмәжінов соғыстан кейін милиция қатарында қызмет атқарып, Возвышен аудандық ішкі істер бөлімін басқарған. 30 жыл бұрын дүние салған ардагердің зайыбына полицейлер күні бүгінге дейін қолдау көрсетіп тұрады.
Соғыстан кейінгі жылдары өңірімізде 771 майдангер полиция қатарында қызмет атқарған. Бүгінде олардың үшеуі ғана ортамызда жүр. Атаулы күннің қарсаңында майдан даласынан аман оралып, ондаған жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен ардагерлердің құрметіне тәртіп сақшылары департамент ғимаратының маңына ағаш екті.