2013-2014 оқу жылында облысымыздың білім ошақтарын 32 “Алтын белгі”, 33 “Үздік аттестат” иегері, 64 – халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, 12 – республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тамамдап, үлкен өмірге нық қадам басты.
Оларды бұрнағы күні Петропавл қаласының орталық алаңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов салтанатты түрде құттықтап, сыйақылар табыстады. Осындай құрметке жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 72 түлек те ие болды.
Облыстың жұлдызды түлектерінің балдәурен балалықпен, алтын ұя – мектептерімен, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен қоштасу сәті ерекше сән-салтанатымен өтті. Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршіндер бүгінде оңы мен солын бағамдаған атпалдай бозбалалар мен бойжеткендер. Әсем әуен ырғағымен алаңға шыққан жұлдызды түлектерді жиналған қауым зор қошеметпен қарсы алды. Әр адамның өмірінде бір-ақ рет болып, одан алған әсері өмір бойы жадында сақталып қалатын осынау салтанатты сәт кімді болсын тебірентпей қоймады. Тәуелсіз еліміздің түлектерінің асқақ та асыл армандарын көк аспанға алып ұшқан бейбітшілік құсы – ақ көгершіндер де салтанатқа ерекше сән бере самғады. Осындай қуанышты да тебіреністі сәттерімен түлектерді облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, ақ жол тіледі.
– Бүгін сіздер өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы отырсыздар. Алдарыңызда сан тарау жолдар бар. Онда сіздердің мектепте алған білімдеріңіз маңызды рөлге ие болады. Әрқайсыларыңыздың жеке табыстарыңыз еліміздің нығайып, өркендей түсуіне негіз болмақ, – деді облыс әкімі. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сіздерге зор үміт артып, мектепте алған білімдеріңізді одан әрі тереңдетіп, ел игілігіне жұмсауларыңыз үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Мемлекет басшысы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер… Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!” – деп, қазақстандық жас ұрпақты еліміздің дамуының жаңа қозғаушы күші болуға шақырды. Сондықтан сіздер өз Отандарыңыздың нағыз патриоттары болуларыңыз және де оның жетістіктері мен жеңістерін мақтан тұтуларыңыз керек. Біздің басты құндылықтарымызды – бірлігімізді, тұрақтылығымыз бен татулығымызды нығайтуға тиістісіздер.
Құттықтаудан кейін өңір басшысы, тиісінше, түлектердің бірталайына – “Алтын белгі”, келесілеріне “Үздік аттестат” табыстаса, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегерлеріне және ата-ана қамқорлығынсыз қалған түлектерге салтанатты түрде сыйақылар тапсырды.
Қазіргі кезең – қажымай-талмай білімге ұмтылған, алға қойған асқақ армандарының биік шыңына шығу үшін өздерінің бар ерік-жігерін сарқа пайдаланатын сауатты да белсенді жандардың заманы. Оқу инемен құдық қазғандай еңбек екенін түлектер өздерінің ешқандай қиындыққа мойынсұнбайтын табандылықтарымен, жеткен жетістіктерімен дәлелдеді. Солардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеуде 120 балл жинап, облыс бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізген Тимирязев ауданындағы Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназияның оқушысы, “Алтын белгі” иегері Әлия Байжанова түлектердің атынан сөз алды. Ол: “Оқушыларын білім дариясына терең бойлатып, ақыл-кеңестерімен, қамқорлықтарымен қолдап, әр шәкіртіне өз бойындағы бар білімін сарқып берген ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Біздің әр жетістігіміз үшін балаша қуанып, қиындығымызға бірге төзген ұлағатты ұстаздарымыз бен ата-аналарымыз болды. Болашақта өзімізге артылған сенімді ақтап, бар білімімізді Қазақстанның көркеюіне жұмсайтын боламыз”, – деп, ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдірді.
“Жарқын болашаққа қадам” атты кітап түлектерден өз ізбасарларына эстафета ретінде табысталды.
Петропавл қаласындағы бірінші гимназияның түлегі, “Алтын белгі” иегері Әлібек Қашағановтың әкесі Серік Қашағанов, “БЭСТ” гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Людмила Трифонова, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, “Жастар кадр орталығы” жастар қоғамдық бірлестігінің директоры Тимур Исманов та түлектерге жүрекжарды лебіздерін арнады.
Салтанатты шара барысында концерттік нөмірлер көрсетіліп, түлектердің қоштасу вальсі биленді. Көкте қалықтап, көз ұшынан ғайып болып бара жатқан түрлі-түсті шарлар да түлектер арманын биікке алып ұшқандай…
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ