Облыстың көпшілік аймақтарына қарағанда Тимирязев ауданының тұрғындары ауызсумен біршама жақсырақ қамтамасыз етілген деуге болады. Оған “Есіл су” РМК-нің Есіл су шаруашылығы беретін жалпы ұзындығы 182 шақырым үш торапты су құбырлары арқылы таза ауызсу жеткізіледі. Аудан аумағында 19 қысымды су мұнарасы жұмыс істейді, олардың барлығы ауданның коммуналдық меншігінде.
Сөйтіп, аудандағы барлық 24 елді мекеннің 17-сі топтық су құбырынан су алып отыр. Мұның өзі сумен қамтылған елді мекендердің жалпы қонысжайлардағы үлес салмағы бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. Әзірге торапты су құбыры жетпеген жеті ауылдың бесеуі жергілікті жерасты ұңғымалы су көздерін пайдаланса, қалған Приозерное және Северное ауылдарына ғана ауызсу тасып беріледі.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Владимир Кравченконың айтуынша, биылғы жылы Хмельницкое ауылында сомасы 69,3 миллион теңгенің су тарату желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгіндері бөлінген қаржының тең жартысына жуығы игеріліп, 3 шақырымнан астам таратпа су желілері жаңғыртылған. Сондай-ақ, аудан орталығы – Тимирязево ауылындағы қысымды су мұнарасын қайта жаңартуға 11,4 миллион теңге бюджет қаржысы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, мемлекеттік-жеке серіктестік аясында Дмитриевка ауылына дейін торапты су құбырынан бұрма желілер тартуға жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге бөлінгенін білдік. Ал осы ауыл бойынша су құбырлары имараттарының алаңы мен тарату желілерін қайта жаңартуға жасалған жобалық-сметалық құжаттамалар дайын тұр. Бұл жоба 2015 жылға арналған құрылыс жоспарына енгізілді.
– Ауданымыздағы сумен жабдықтау нысандарын пайдалану жұмыстары “Алпаш” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Елді мекендерге су жеткізу қызметі көп қаржыны талап ететін жұмыс болып табылатындықтан, 2011 жылы қабылданған мемлекеттік “Ақ бұлақ” бағдарламасының аясында ерекше маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау желілері қызметтері құнын демеуқаржыландыру қарастырылған. Республикалық бюджеттен осындай мақсатқа бөлінген 957,0 мың теңгенің демеуқаржысына біздің “Алпаш” МКК-нің де қолы жетті, – дейді Владимир Кравченко.
Аудандағы сумен жабдықтау мәселесі осылайша көңілден шығатындай шешімін тауып жатса, аталмыш бөлімнің бақылауындағы автомобиль жолдары жағдайы анағұрлым күрделірек. Аудан автомобиль жолдарының желісі 355 шақырымды құрайды, оның 116 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болса, қалғаны – жалпы пайдаланымдағы аудандық маңызы бар жолдар. “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша Тимирязево ауылының көшелеріндегі ағымдық жөндеуге 20 миллион теңге бөлініп, оған 8 мың шаршы метр көше жолына асфальт және 3,6 мың шаршы метріне қиыршықтас төселді. Жөндеу жұмыстарын “Элен-1” ЖШС-і орындады.
Облыстық бюджеттен “Тимирязево – Ақсуат – Мичурино” жол учаскесіне асфальт-бетондық жамылғылы маршруттық әдіспен шұқырлық жөндеу жүргізуге 68,7 миллион теңге қаржы бөлінді, бірақ ол аталмыш жол учаскесін толық жөндеуге жеткен жоқ. Ақсуаттан Тимирязево ауылына баратын жолда 10,6 мың шаршы метр асфальт жөнделді. Осы автомобиль жолының жеті елді мекенді қосатынын және олар арқылы облысішілік автобус маршруты өтетінін ескерсек, бұл бағыттағы жолдардың жөнделуі мәселесін шешудің басым маңызы бар. Ауданға төрт облысішілік автобус маршруты қызмет көрсетіп, 8 елді мекеннің жолаушыларын тасымалдайды. Бірақ 2013 жылдың желтоқсанынан бастап екі маршрут “КТ-52” “Тимирязево – Ақсуат – Мичурино” облыстық маңызы бар автомобиль жолының апатты жағдайына байланысты Ақсуат және Мичурино ауылдары бағытындағы қызмет көрсетуін тоқтатты. Ал ауданішілік бір ғана “Тимирязево – Докучаево” автобус бағыты жұмыс істеп келді.
– Жолаушылар тасымалының дұрыс жолға қойылмауына жол жағдайының нашарлығы себеп болып отыр. 2013 жылы облыстық мәслихаттың сессиясында біздің Тимирязев ауданы бойынша әлеуметтік маңыздағы 4 бағыт бекітілді, олар: Тимирязево – Жарқын, Тимирязево – Хмельницкое, Тимирязево – Докучаево және Тимирязево – Ленинское бағыттары бойынша болатын. Биылға дейін соның ішінде Докучаевоға баратын бір ғана маршрут жұмыс істеген болса, биыл “Тимирязево – Дружба” маршруты қосылды. Дружба ауылында тұратын жеке кәсіпкер Ж. Сәрсенов “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша алған кредит қаржысына автобус маршрутын ашып, аптасына екі рет Жарқын, Ынтымақ және Дмитриевка ауылдарынан жолаушылар тасымалдайды. Сол сияқты, Ақсуат ауылының тағы бір жеке кәсіпкері аталмыш бағдарлама бойынша шағынавтобус алып, Ақсуат – Тимирязево бағыты бойынша аптасына бір рет Дзержинское, Ленинское және Есіл ауылдарынан жолаушылар тасымалын жасауды жоспарлауда. Сондай-ақ, таяуда Хмельницкое – Целинное – Комсомольское – Тимирязево бағытындағы автобус қатынасын қайта жандандыруды ойластырып отырмыз, – дейді Владимир Васильевич.
Биылғы жылы ауа райының өте жауын-шашынды болуы себепті жол жөндеу жұмыстары ойлағандай болып шықпады. Енді күзгі лайсаң мен қара суықта оның қауырт қолға алынбасы анық. Сөйтіп, жол жағдайын жақсарту үшін келер жылдың сәтін күтпесе болмайды. Тағы да найқалып, жарты жазды құр өткізбес үшін оған әзірлікті осы кезден бастау керек. Соны жақсы түсінген Тимирязев ауданының жол жөндеушілері аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының сомасы 45,0 миллион теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамаларын жасап қойды. Аудандық бюджеттен Комсомольское ауылына дейінгі 4,3 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасауға 600,0 мың теңге бөлінді. Сол сияқты, әлеуметтік серіктестік аясында Докучаево және Хмельницкое ауылдарына дейінгі жолдардың орташа жөндеу жұмыстарына қажетті құжаттамалар “Атамекен-Агро-Тимирязево” және “Сағат СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қаржысы есебінен дайындалуда.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.