«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жол қауіпсіздігі мәселесі қай кезде болмасын өзекті. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің “Facebook” парақшасында жарияланған бейнематериалдағы мәлімет бойынша 2019 жылы 11484 жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 15324 адам жарақат алып, 1552-сі қаза тапқан. Комитеттің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының саны жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 3429 апат тіркелген. Одан соң Алматы облысы (1700) мен Жамбыл облысы (907). Жол-көлік оқиғасы ең аз тіркелген өңір Солтүстік Қазақстан облысы болып саналады: мұнда 124 оқиға орын алған.

 Былтырғы жылдың соңында қазақстандық жол мамандары Әлемдік банктің шақыруымен Оңтүстік Кореяға барып, кәріс халқының жол қауіпсіздігі саласындағы тәжірибесімен танысып қайтты. «Кореяда жаяу жүргінші үшін барлық жағдай жасалған, заңдары да қатаң. Біздің елде де жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды көбейту керек, әрі ондай жолдардың маңын жарықтандырып, міндетті түрде ескерту белгісін қою қажет. Сараптама көрсеткендей, жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табатындар 50 жасқа дейінгі адамдар екен. Яғни, экономикалық белсенді топқа жататындар. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде шешу қажет деп ойлаймыз, яғни, жол-көлік оқиғалары үшін жазаны ауырлату, сапалы жолдар салу және күтіп-баптауды толыққанды қаржыландыру, жылдамдықты шектеу, т.б. жұмыстарды атқарған жөн. Оңтүстік Кореядағы сияқты, жол-көлік апаттарын азайту бағытында жүйелі стратегия құру керек», – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов.
Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары аз болғанына тоқмейілсімей, әлі де болса жол құрылысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтауға назар аударған абзал. Ұлттық сапа орталығы мен жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мамандары жүргізген рейдтік шаралар барысында мердігерлердің салғырттығы мен немқұрайдылығы анықталды. Бұл олқылықтар ең алдымен жолдағы қауіпсіздікке кері әсерін тигізіп отыр. Қысқа мерзім ішінде ойдым-ойдым боп қалған тас жолдар да апатқа бірден-бір себеп. Бұған жүргізушілердің салғырттығы мен жауапсыздығы да қосылады. Бүгінгі күні жүргізушілердің бақылау камералары тұсында ғана жылдамдықты бәсеңдетіп, келесі камераға дейін қатты жүретінін бәріміз білеміз. Сондықтан, бізге шетелдердегідей камералар арасындағы орташа жылдамдықты есептейтін бағдарлама қажет-ақ. Сондай-ақ, жол бойында жайылып жүретін малдың да көлік апатын тудыратын бірден-бір фактор екенін де естен шығармаған жөн.

Марал АСҚАРҚЫЗЫ,
Жол активтері ұлттық сапа орталығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Сурет http://lenta.inform.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp