«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОМАРТ ЖҮРЕК ЖАСТАР

“Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының облыстық филиалындағы волонтерлар қатарына мұқтаж жандарға шын ниетімен көмектесіп, өзгеге жақсылық іс­теуге қашанда дайын отыз ұл-қыз қосылды. Еріктілерді қатарға қабылдауға арналған салтанатты шара Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледжде өтті.

“Еріктілер лигасы» қоғамдық қо­ры бүгінде 400-ден астам жас­ты ортақ мақсатта жұмыл­дырып отыр. Қордың облыстық филиа­лы­ның төрағасы Даниял Іркі­баев жастар бүгінге дейін «Уни­версиа­да – 2017», «Almaty Film Festival», Қостанай қаласында өткен Қазақ­стан – Ресей жаста­рының фо­румы, Еуразиялық ме­диафорум, еріктілер фронт-кең­сесінің ашы­луы, еріктілер слеті сияқты об­лыстық, республи­ка­лық және ха­лықаралық маңыз­да­ғы шаралар­ды ұйымдасты­ру­ға үлес қосқанын айтты. Өткен жы­лы әлеуметтік жағынан осал топтарға қолғабыс ету мақса­тында «Ashyq júrek» қайырымды­лық жобасын қолға алған. «Отба­сым», «Табысым», «Күш-қуатым», «Жі­г­ерім», «Құлы­ным», «Қазы­нам», «Өлкем» және «Ша­бытым» деп аталатын бағыттар­дан тұ­ра­тын жоба аясында бір­қатар ша­ралар жүзеге асырылды.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында облыс орталығында «As­hyq júrek» қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды үйрестіруге ар­налған кеңсе ашылған бола­тын. «М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті­мен, жергілікті колледждермен ме­морандумдарға қол қойылды. Жас­тар апта сайынғы экология­лық сенбіліктерден де қалыс қал­майды. Облыстық төтенше жағ­дайлар департаментімен тығыз қа­рым-қатынас орнатып, алдын алу шараларына қатысып қана қой­май, оқыс оқиғалардың сал­дарынан қиын жағдайға ұшыра­ған жандарды да назарда ұстай­мыз. Балалар үйіндегі бүлдір­шін­­дерге қуаныш сыйлау үшін ойыншықтар мен оларға қа­жет­ті басқа да заттарды жинауды да қолға ал­дық. Осы орайда, жас­тар­дың бас­тамаларын қолдап, қоғамға пай­да­сын тигізуге ниет­тенген демеу­шілердің еңбегін атап өтпеске бол­мас», – деген Да­ниял Іркібаев елу­ден астам ерік­тінің қан құю орта­лығында донор атанып, талай нау­қастың өмірін сақтап қалуға ат­салысқанын да тілге тиек етті.

Салтанатты шара соңында осы уақытқа дейін қоғамға пай­дасын тигізуде белсенділік та­нытқан үздік еріктілердің есімі аталып, оларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

«Soltústik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp