“Еріктілер лигасы” қоғамдық қорының облыстық филиалындағы волонтерлар қатарына мұқтаж жандарға шын ниетімен көмектесіп, өзгеге жақсылық істеуге қашанда дайын отыз ұл-қыз қосылды. Еріктілерді қатарға қабылдауға арналған салтанатты шара Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледжде өтті.
“Еріктілер лигасы” қоғамдық қоры бүгінде 400-ден астам жасты ортақ мақсатта жұмылдырып отыр. Қордың облыстық филиалының төрағасы Даниял Іркібаев жастар бүгінге дейін “Универсиада – 2017”, “Almaty Film Festival”, Қостанай қаласында өткен Қазақстан – Ресей жастарының форумы, Еуразиялық медиафорум, еріктілер фронт-кеңсесінің ашылуы, еріктілер слеті сияқты облыстық, республикалық және халықаралық маңыздағы шараларды ұйымдастыруға үлес қосқанын айтты. Өткен жылы әлеуметтік жағынан осал топтарға қолғабыс ету мақсатында “Ashyq júrek” қайырымдылық жобасын қолға алған. “Отбасым”, “Табысым”, “Күш-қуатым”, “Жігерім”, “Құлыным”, “Қазынам”, “Өлкем” және “Шабытым” деп аталатын бағыттардан тұратын жоба аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында облыс орталығында “Ashyq júrek” қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды үйрестіруге арналған кеңсе ашылған болатын. “М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен, жергілікті колледждермен меморандумдарға қол қойылды. Жастар апта сайынғы экологиялық сенбіліктерден де қалыс қалмайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментімен тығыз қарым-қатынас орнатып, алдын алу шараларына қатысып қана қоймай, оқыс оқиғалардың салдарынан қиын жағдайға ұшыраған жандарды да назарда ұстаймыз. Балалар үйіндегі бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау үшін ойыншықтар мен оларға қажетті басқа да заттарды жинауды да қолға алдық. Осы орайда, жастардың бастамаларын қолдап, қоғамға пайдасын тигізуге ниеттенген демеушілердің еңбегін атап өтпеске болмас”, – деген Даниял Іркібаев елуден астам еріктінің қан құю орталығында донор атанып, талай науқастың өмірін сақтап қалуға атсалысқанын да тілге тиек етті.
Салтанатты шара соңында осы уақытқа дейін қоғамға пайдасын тигізуде белсенділік танытқан үздік еріктілердің есімі аталып, оларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.