Көкшетауды бетке алып жолға шықты. Жүргізуші Василийдің “Бұл диірменді қандай қаржыға алды?” деген сауалын жанарынан оқыды. Бірақ үндемеді. Жүргізушінің бұлай секемденуінің өзіндік сыры бар. “Ковыльный” кеңшарының басшысы ретінде мінгені – ескі “УАЗ” машинасы. Ескінің аты ескі. Тозығы жеткен көлік кеңшарды қалай сақтаймын деп аласұрып, күні-түні жолда жүрген басшының жүгірісіне шыдас бермей, талай мәрте орта жолда қалдырды. Ал өзге кеңшарлардың тізгінін ұстаған әріптестерінің тақымында жаңа шетелдік автомобиль. Сондықтан да бір ауа райы жайлы болған жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс алғаннан кейін еңбеккерлердің жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіне шаруашылық директоры ретінде жаңа “Волга” сатып алуға рұқсат сұрады. Ұжым өтінішін бірауыздан қолдады. Әне-міне жаңа “Волга” келеді деп балаша тосып жүрген жүргізуші кеңшар басшысының бұл диірменді қандай қаржыға алғанын түсіне алмай келеді.
– Жүк пойызынан диірменді түсіріп алғаннан кейін жүргізушіме: “Василий, біздің “Волгамыз” – осы”, – дедім. Ескі көліктің машақатын көріп жүрген ол: “Үнемі жолда жүресіз. Денсаулықты да ойлау керек. Сізге диірменнен гөрі көлік керек еді ғой”, – деп налыды, – дейді “Ақселеу” ЖШС-нің басшысы Серік Малаев.
Тоқсаныншы жылдардың басы жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшудің өтпелі кезеңіндегі қиындықтар елді есеңгіретіп тастаған шақ еді. Ұжым жаңа көлік алу жайлы өтінішін құптаса да, сол қаржыға диірмен алуға болатынын білгенде райынан қайтты. Ол кезде халық қолындағы бидайын үктіре алмай, үктірген күннің өзінде ұнын ала алмай қиналатын. Ал сол диірмен өзіңде болса, ас атасы – нан дастарқаныңнан үзілмейді ғой. Осылайша, өз қалауынан бас тартқан басшы 1997 жылы жаңа диірмен сатып әкеліп орнатты. Сол жылғы қатты құрғақшылық халықты тағы да діңкелетті. Көрші шаруашылықтар қолда бар бидайларын Ковыльноедағы жаңа диірменге әкеліп үктіріп, ақысына белгілі бір бөлігін қалдырып отырды. Осылайша, ауыл тұрғындарын нанмен де, малына берер кебекпен де қамтамасыз етіп, электр қуаты үшін ұнмен есеп айырысты.
Ауылға ырыс әкелген диірменнің арқасында игілікті істер жалғасын тауып, шаруашылықтың негізгі өндірістік буындарын сақтап қалды. Десек те, күйреген кеңестік шаруашылықты өрге сүйреу оңай болған жоқ. Атауын “Ақселеу” деп қазақшалауы топырағында үнемі ылғалы аз бұл жердің екінші тынысын ашқандай болды. Ақселеу – астық тұқымдас көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық облысында кездеседі. Көбінесе құмды және құмдауыт жерлерде, орманды алқаптардағы қара топырақты аудандарда жақсы өседі. Биіктігі 30-40, кейде 60 см. болса, тамырының ұзындығы 10 метрге дейін жетіп, жайылмалы құмды жақсы бекітетін қасиеті бар.
Тоқырау жылдары Ковыльное ауылынан 110 неміс отбасы тарихи отандарына қоныс аударып, қажетті мамандардың 80 пайызынан айырылып, қолда бар техниканы сеніп тапсырар механизатор да қалмады. Көктемгі егіс және күзгі орақ науқанында шаруашылықтың жұмысына қажет мамандарды сырттан шақырып, оларға арнап жатақхана ашты. Алайда, келіп-кетіп жұмыс істейтін кісінің де көңілі алаң емес пе? Әрі жыл сайын сырттан механизатор шақырумен ісің алға баспасы анық.
– Қажет мамандарды ауылға көшіріп әкелдім. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды шақырдым. Себебі, ауылдағы 11 жылдық мектепте де бала саны азайып, жабылып қалу қаупі төнген еді. Көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мектепте серіктестік атынан тегін тамақтанды. Әр туған бала үшін 30 мың теңгеден төлеп, ай сайын жөргекпұлына бес мың теңгеден беріп отырдық. Мұның барлығы қиын уақытта жұмысшылардың көңілі алаң болмауы үшін жасалды, – деген Серік Татыбайұлының сөзінен “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған кезде жайылмалы құмды бекітетін ақселеудің тамырындай мықтылық танытқанын аңғару қиын емес.
Бүгінде “Ақселеу” ЖШС-нің бұрынғы нысандары түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған. Іргесі нығайған шаруашылық 2004-2009 жылдар аралығында барлық ауыл шаруашылығы техникасын жаңартты. Қазір шаруашылықтың 15 мың гектар егістік алқабында әлемде белгілі өндірушілердің жоғары сапалы, мол өнімді заманауи техникалары жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, комбайн мен тракторларға GPS орнатып, диспетчерлік қызмет құрды. Оның көмегімен техниканың қай жерде жүргенін және қанша жанар-жағармай жұмсалғанын көріп, жұмысын үйлестіріп отырады.
2014 жылы “ҚазАгроҚаржы” корпорациясынан 300 млн. теңге несие алып, элеватор салған серіктестік кейін асылтұқымды ірі қара өсіруді де қолға алды. Ресейден әкелген “герефорд” тұқымды малдың салмағы 12-14 айдың ішінде 400 килограмға дейін жетеді екен. Халық арасында “мәрмәр” ет деп аталатын бұл өнімге сұраныс өте жоғары. Бүгінде серіктестіктің өрісінде 400 бас асылтұқымды ірі қара жайылып жүр.
Қолдағы барды уыстан шығармай, ұқыпты ұстап және тиімді пайдаланған іскер азамат ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлуде. Бір кездері қара басының қамын ойлап, мемлекет мүлкін төгіп-шашқандар ауыл болашағына орасан зиян келтірсе, дұрыс жолды таңдаған Серік Татыбайұлы, керісінше, ауылдың ырысын молайтып отыр. Үйлерге ауызсу енгізілген. Көшелер түгелдей жарықтандырылып, тәртіпке келтірілген. Биылдан бастап қазандық іске қосылып, өндірістік нысандар мен бірнеше үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Алдағы жылдары бүкіл ауылды жылыту қазандығына қосу көзделуде. Кеңшардың бұрынғы ескі сауда орталығының ғимаратын толық жөндеуден өткізіп, онда азық-түлік дүкенін, фитнес орталығын, сауна және монша ашты. Тұрғындар саламатты өмір салтын ұстануы үшін үстел теннисі, жүгіру жолы, велотренажер және басқа жаттығу қондырғылары қойылған.
Ең бастысы, серіктестік шаруашылықтағы еңбеккерлерге және ауылдағы орта мектепке қажетті жағдайдың бәрін жасаған. Аудан орталығынан 150, ал Петропавл қаласынан 500 шақырымдай жерде орналасқан ауылда тұрғындар бекерден-бекер тұрақтап қалған жоқ. Бүгінде серіктестіктегі орташа жалақы – облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ең жоғарылардың бірі.
Бір ғана қайырымды жанның қамқорлығы 125 шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекеннің дамып, гүлденуіне сеп болуда. Кәсіпкердің сөзінше, ол әлі де туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып, жас мамандар мен қоныс аударушыларды аталмыш ауылға тартатын болады. 2015 жылдан бастап Ковыльное ауылына оңтүстіктен 11 отбасы көшіп келіп, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілген.
– Тілерсекті дірілдеткен 90 жылдары халықтың әлеуетін көтеретін барлық сала тұралағанда, ауыл шаруашылығының да жағдайы мүшкіл еді. Ертеңімізге күмәнмен қараған шақта “Болашақта біз осындай деңгейге жетеміз” деген ой да болмайтын. Алайда, ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы, экономиканың дамуы біздің ұжымды жоғары деңгейлі шаруашылықтар қатарына шығарды. Бұл – маған сенім артқан қарапайым ауыл жұмысшыларының еңбегі. Бүгінде серіктестікте Азамат Оспанов, Михаил Ганиченко сияқты озаттар еңбек етіп жүр, – деді облыстың құрметті азаматы Серік Малаев.
Мақаланы жаңа “Волгадан” бастадық қой, шаруашылық директоры осыдан бірнеше жыл бұрын жол таңдамайтын жаңа көлік сатып алыпты. Бұл жолы да ұжымның келісімін сұрап, алдынан өтті. Ардан аттамаған азаматтың адал еңбегі өтеліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолынан жоғары награда – “Парасат” орденін алды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.