
Кеше Петропавлда 120 астам адам кәмелетке толмаған екі баланы іздестіріп, бір түнді ұйқысыз өткізді. Жоғалып кеткен 17 жастағы жасөспірім мен оның төменгі сыныпта оқитын жиені туралы полицияға абыржыған туыстары хабарлаған. Кейін балалардың жоғалғаны туралы хабарлама әлеуметтік желілерде жарияланды.
Іздестіру шараларына 14 автопатрульге қоса, 90-нан астам полиция қызметкері, 20-дан астам ерікті, қалалық білім беру бөлімінің, мектеп әкімшілігінің, әлеуметтік-психологиялық қызметтің өкілдері қатысты. Балалар жүруі мүмкін деген барлық жерлер: «Береке» шағынауданы мен Жұмысшы кенті, вокзал маңы, мәдениет және демалыс саябағы, Жеңіс саябағы, орман алқаптары, саяжай қоғамдастықтары тексерілді. Бүгін таңертең саяжай қоғамдастықтарының бірінің күзетшісі қараусыз қалған учаскеде кәмелетке толмаған балаларды көргенін полиция қызметкеріне хабарлаған. Таңғы сағат 6-да іздестіру тобы шығып, иесіз үйлердің бірінен адасқан балаларды тапты. Өздерінің айтуынша, олар суға шомылмақшы болған, алайда күн күркіреп, найзағай ойнағандықтан, бос тұрған үйлердің бірін паналаған. Полицейлер табылған балаларды ата-аналарына табыс етті. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Сонымен қатар кеше әлеуметтік желілерде екінші полиция бөліміне патрульдік полицейлер жеткізген егде жастағы қала тұрғынының фотосуреті тарап кетті. Қария қайда барарын білмей, көшеде жүре берген, аты-жөні мен мекенжайын ұмытып қалған екен. Тәртіп сақшылары 1936 жылы туған әжейдің туыстарын іздестіріп тауып, балаларының қолына тапсырды.