Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол – жарма және түрлі дән өнімдерін өндіретін жоғары технологиялық зауыт. Жобаны «Қазақстан бидайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгеден асады. Ал қажетті инфрақұрылымды тарту үшін облыстық бюджеттен 291 миллион теңге бөлінген. Зауыт құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталды. Кәсіпорын астықты өңдеудің толық өндірістік циклін қамтиды, бұл шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік беріп, жоғары құнды дайын өнім шығаруға жағдай жасайды. Мұндай тәсіл қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Зауытта барлығы тоғыз түрлі өнім, оның ішінде әртүрлі ботқа түрлері өндіріледі деп жоспарланған. Жылына 24 мыңнан 30 мың тоннаға дейін дайын өнім шығару көзделіп отыр. Қазіргі таңда Украинадан жеткізілген заманауи жабдықтар орнатылған. Жоба аясында үш өндірістік желіні іске қосу белгіленген.
Кәсіпорынның негізгі ерекшеліктерінің бірі – өндіріс үдерісінің энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігі. Жобаны жүзеге асырушылар барлық технологиялар халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес болатынын атап өтті. Бұл фактор өнім сапасына да, қоршаған ортаға әсерді азайтуға да оң ықпал етеді.
Жаңа зауытты 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс орны облыс экономикасына серпін беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар аймақта жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті артады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».