Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылындағы “Алекри фирмасы” өткен жылды табысты аяқтады. Олар былтыр жүз миллион дана тауық жұмыртқасын саудаға шығарды. Өнімдері елімізден бөлек көршілес Ресейдің бірқатар облыстарынан да өз тұтынушыларын тапқан. Екі онжылдықты еңсерген серіктестік мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен де шет қалмауда. Осының арқасында жыл сайын құс базаларын заманауи шетелдік қондырғылармен жарақтандырып келеді. Ол өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік беруде.
Қазіргі күні “Алекри фирмасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алты цех жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысында 120 мың голланд тұқымдас тауық бар. Күніне орта есеппен алғанда 400 жұмыртқа жиналады. Құстарды күтіп-бағу мен олардың жұмыртқаларын жинап отыратын тұрақты еңбекпен қамтылған 45 адам бар.
– Бастапқыда цехтың ішкі жағдайы нашар болатын, ал қазір бәрі жақсарды. Әр цех жаңа қондырғылармен жабдықталуда. Жұмыс кестесі өзіме ұнайды, жалақымыз да жоғары, кешеуілдетіп төлеу деген жоқ, – дейді өндірістік цехтың жұмысшысы Татьяна Черных.
Құс кешенінен жинақталған тауық жұмыртқалары арнайы орталықтандырылған конвейер арқылы сұрыптау бөліміне жіберіледі. Мұнда да жұмыстың нағыз қызған шағы. Бұл жерге жеткен өнімдер алты желі арқылы көлемі мен сапасына қарай сұрыпталады.
Серіктестік басшылығы мемлекеттен берілетін субсидиядан құр қалмай, жәрдемді мейлінше пайдаланып келеді. Солардың бірі – мемлекеттен жұмыртқаға төленетін демеуқаржы. Оның көлемі әр жұмыртқаға үш теңгені құрайды.
– “Алекри Фирмасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан жиырма үш жыл бұрын құрылған болатын. Бастапқыда 11 мың тауығымыз болса, қазірде олардың саны 400 мыңнан асты. Өткен жылы 100 миллион дана тауық жұмыртқасын саудаға шығардық. Өнімдерімізге сұраныс бар. Осы жылы сауда көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Оған мүмкіндігіміз бар, – дейді “Алекри фирмасы” серіктестігі құс кешенінің директоры Людмила Мұхамедова.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.