«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КӘСІПОРЫНДАРЫ

“Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған” атты жалпыұлттық телекөпір барысында еліміздің үздік кәсіпкерлеріне “Алтын сапа” арнайы сыйлығы табысталып, “Парыз” байқауының жеңімпаздары анықталды. Астана қаласындағы “ЭКСПО” конгресс-орталығында өткен салтанатты шарада жүзден жүйрік шыққан кәсіпкерлер марапатталды.

“Алтын сапа” – кәсіпкерлерге табысталатын еліміздегі басты сыйлық. Биыл байқауға қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Еліміз бойынша 182 кәсіпорынның 40-ы ақтық кезеңге шығып, тек 14-і марапатқа ие болды. Лауреаттар “Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын”, “Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын”, “Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын” және “Азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын” аталымдары бойынша анықталды. Сыйлық өнім мен көрсетілетін қызмет сапасындағы елеулі жетістіктер мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқарудың тиімді тетіктерін енгізудегі жоғары көрсеткіштер үшін беріледі.

Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан байқауда “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын” аталымында жеңіске жетті. Марапат серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаевқа табысталды.

Өңір экономикасын дамытуға үлесін қосып келе жатқан петропавлдық серіктестік жүлдеге әбден лайық. Бұған дейін біздің өңірден аталмыш сыйлықты “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “АVAGRO” ЖШС-і иеленген. Бүгіндері 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған “Радуга” серіктестігінде азық-түлік өнімдерін, халық жиі тұтынатын пластиктен жасалған тауарларды, сондай-ақ, әртүрлі темір-бетон бұйымдарын өндіру ісі жолға қойылған. Атап айтқанда, мұнда халықаралық талаптарға жауап беретін тез дайындалатын кеспе, пластик ыдыс-аяқ сияқты барлығы 500-ден астам тауар түрі шығарылады. Кәсіпорында шетелден жеткізілген заманауи құрал-жабдықтар орнатылған.

Салтанатты шара барысында “Қазақстанның үздік тауары” республикалық сайыс-көрмесінің жеңімпаздары да анықталды. Сайысқа ел бойынша 153 шағын, орта, ірі бизнес субъектілері қатысқан болатын. Мұнда “Үздік азық-түлік тауары” аталымында петропавлдық “ViZaVi Company” ЖШС-і топ жарды. Марапат серіктестіктің бас директоры Лейла Сайдашеваға табысталды. Кондитерлік өнімдердің 80-нен астам түрін шығаратын кәсіпорын тауарлары ешбір қоспасыз, экологиялық таза өнімдерден дайындалады.

Сонымен қатар “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығына және “Қазақстанның үздік тауары” республикалық көрме-байқауының сыйлығына үміткер байқауға қатысушылардың ішінен өз ісінде табысқа қол жеткізген кәсіпорындарға “Іскер” арнайы сыйлығын табыстады. Тауар сапасын үнемі жетілдіріп отыратын бизнес субъектісіне берілетін бұл сыйлыққа Мағжан Жұмабаев ауданынан “Пилипушко отбасының омартасы” шаруа қожалығы ие болды. Жеңіске жеткен петропавлдық кәсіпорынның сапалы тауарлары тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. 1988 жылдан бері бал өнімдерін шығарумен айналысып келе жатқан қожалық бүгінде балдың 12 түрін және осы шикізаттан әртүрлі опа-далап әзірлейді. Өнімдері облысымыздың және еліміздің басқа өңірлерінде саудаланады.

Сонымен қатар экспортқа бағдарланған отандық өндірушілерді қолдауға арналған “Ұлы дала елi” байқауының және “Бизнес кемелділiк” – “Деловое совершенство” халықаралық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

 Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp