Петропавл қаласындағы “СевКазЭнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылуға кеш қосылған және жылу режімі сақталмаған көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындарының қазан айындағы жылу төлемдерін қайта қарау мәселесіне арналған жиын өтті.
Өңірімізде үстіміздегі жылдың 25 қыркүйегінде басталған жылу беру маусымы барысында бірқатар олқылықтар орын алған болатын. Атап айтқанда, “Петропавл жылу желілері” серіктестігі мамандарының облыс орталығының жылу желісі магистральдарына жаңғырту жұмыстарын кеш жүргізе бастауы салдарынан және жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілуіне байланысты “Жас өркен” шағынауданы, Жамбыл көшесі, Жастар сарайы, “Сокол” сауда үйі маңында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге, “Ивушка” балабақшасы мен “Солнышко” бөбекжай-балабақшасына жылу уақытында берілмеген еді. Ал жүйеге қосылған тұрғын үйлердің бірқатарында құбырларда қысымның төмен болуы салдарынан бөлмелері жылынбаған.
Серіктестіктің бас директоры Мағауия Сағындықов облыс орталығындағы 142 көпқабатты тұрғын үйдің қазан айындағы жылу төлемі қайта қаралатынын хабарлады.
– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына орай жылу берілгенімен, температуралық режім сақталмаған, жылу қызметін толық көлемде пайдалана алмаған тұтынушылардың қазан айындағы жылу төлемдері қайта қаралатын болады. Егер тұрғын үйде жылу беру маусымы барысында жылу қосылғаннан кейін жылусыз қалған күндері болса, сол күндер бойынша коммуналдық төлем есептелмейді. Бұл уақыт “СевКазЭнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы актісінде белгіленіп, барлық қайта санаулар тұтынушыларға жеткізілетін түбіртек қағаздарда жазылады, – деді Мағауия Сағындықов.
Журналистердің сауалдарына жауап берген серіктестіктің бас директорының айтуынша, температурлық режім мен жылу параметрлері сақталмаған тұрғын үйлердің ПИК төрағалары, жеке тұрғын үй секторының тұрғындары компанияның мамандарына 50-06-66 телефоны арқылы қоңырау шалып, кеңес алулары қажет.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.