«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРЛІ ЖАСТАР ҰСТАХАНАСЫ

Жастардың әскери салаға деген қызығушылығын оятудың маңызы зор. Өңірде бұл жұмыстармен дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының мамандары айналысуда. Орталық, сонымен қатар оқушылар мен студенттер арасында әскери-патриоттық сабақтар жүргізеді.

Облысымыздың білім беру мекемелерінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні 368 оқу орнында, оның ішінде 342 жалпы білім беретін мектепте, 19 колледжде, 6 интернаттық мекемеде өткізіледі. Онда 360-тан астам алғашқы әскери және технологиялық дайындықты ұйымдастырушы педагог жұмыс істейді. Барлық мектептер тыныс алу органдарын қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген.

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттерінің оқу-материалдық базалары жыл сайын жетілдірілуде. Мәселен, 2024-2025 оқу жылдары пневматикалық мылтықтар, Калашниковтың жаппай-габаритті автоматының макеттері, «Жас сарбаз» қозғалысының формалары сатып алынды. Әр ауданда және Петропавл қаласында педагог-ұйымдастырушылардың қауымдастығы, сондай- ақ «Жас сарбаз» облыстық қоғамдық қозғалысының филиалдары жұмыс істейді.

2024 жылы «Д.М.Карбышев атындағы №40 орта мектебі» ғимаратында «Жас батыр» облыстық әскери-патриоттық орталығы ашылды. Орталық ұйымдастыру техникасымен толық жабдықталған. Ол жерде Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған екі мұражай, конференц зал және әдістемелік кабинет бар. Орталық жанында жастарға әскери- патриоттық тәрбие беру саласындағы іс- шараларды үйлестіру жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Олар облыс, қала деңгейіндегі жарыстарды өткізіп қана қоймай, педагогтарға әдістемелік көмек көрсетіп, семинарлар, конференциялар, шеберлік сабақтарын өткізеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде «Smart-SARBAZ» үйірмелерін ашу туралы ұсыныс айтқан болатын. Біздің облыс «Smart-Сарбаз» әскери кабинеттерінің саны мен жұмыс сапасы бойынша ел өңірлері бойынша алғашқы орындардың бірінде тұр. Үйірмелерде жас сарбаздар әскери инженерия саласындағы жаңа технологияларды үйренсе, балалар бағдарламалар мен өз сайттарын жасайды.

Жыл сайын «Жас сарбаз» қоғамдық қозғалысының әскери-патриоттық клубтары арасында әскери-спорттық көпсайыс бойынша бірнеше кезеңнен тұратын (жоғары буын мектеп оқушылары арасында — «Батыр», колледж студенттері арасында — «Ұлан», орта буын мектеп оқушылары арасында — «Алау», «Жас сарбаз» клубтары арасында — «Айбын») облыстық спартакиадалары өткізіледі.

Биыл Алматы қаласында «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында «Қалқан» IV республикалық қысқы спартакиадасы өтіп, Солтүстік Қазақстан облысының командасы 1 орынға ие болды. Қазіргі уақытта орталық маусым айында өтетін «Айбын – 2025» халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысуға дайындалуда.

Біз облыстық қорғаныс істері департаменті, Ұлттық ұлан академиясы, «СҚО бойынша Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы дене шынықтыру және әскери тәрбие теориясы мен әдістемесі кафедрасымен тығыз байланыс орнатқанбыз.

Қанат САДУАҚАС,

дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp