«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүзден жүйрік атанды

Жерлесіміз Асылгүл Алғожина “Qazaqstan” ұлттық арнасындағы “Жүзден жүйрік” бағдарламасының бас жүлдесін ұтып алды. Алда мемлекеттік қызметшіні тамаша демалыс күтіп тұр.

Асылгүл Алғожинаның өмірлік ұстанымы – алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Осы ұстанымының арқасында ол тағы бір асуды бағындыра алды. Жақында “Qazaqstan” ұлттық арнасының “Жүзден жүйрік” телевикторинасына қатысқан Асылгүл 15 сұрақтың барлығына мүдірмей жауап беріп, бас жүлдеге ие болған.

“Жеңгеніме өте қуаныштымын. Бұл менің мектептегі және университет қабырғасында алған білімімді ұштастырып, шыңдау деп есептеймін. Қиын сұрақтар болды. Бақ шаба ма, бап шаба ма деп жауап берген сұрақтар да болды. Бірақ барлығы ойдағыдай өтті,” – деп қуанышымен бөлісті Асылгүл Алғожина.

Жерлесіміз қазір «Қызылжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде спорт бойынша бас маман болып еңбек етеді. Оқушы кезінде білім додаларына аздап қатысқаны болмаса, бала күнінен спортқа бейім екен. Бертін өзін жан-жағынан сынамақ болып, наурыз айында ұлттық арнаның сайтында анкета толтырған екен.

“Жүзден жүйрік” – жаңа тележобалардың бірі. Үнемі көріп жүремін. Еліміздің тәуелсіздігі күніне орайластырылғандықтан, маған төл тарихымыз, ұлттық әдебиет, географияға байланысты сұрақтар көп қойылды. Шешуші сұрақ – Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмағамбет жайлы болды,” – дейді жерлесіміз.

Бас жүлдені қанжығасына байлаған Асылгүл орайы келгенде еліміздегі үздік шипажайлардың біріне демалуға аттанбақ. Мемлекеттік қызметші мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Өзін жан-жақты жетілдіру үшін ол ән айту шеберлігін шыңдап, суық суға шомылып жүр.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp