
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Парыз – 2016” және “Еңбек жолы” байқауларының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
– Шағын және орта бизнес – отандық пен өңірлік экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Жыл сайын бұл саладағы кәсіпорындардың және онда жұмыс істейтін солтүстікқазақстандықтардың қатары қалыңдап келеді. Бүгінгі таңда облысымызда 28 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мемлекеттік саясат кәсіпкерлікті қолдауға және қолайлы іскерлік орта қалыптастыруға басымдық беріп отыр, – деді өңір басшысы Ерік Сұлтанов.
Биыл “Парыз – 2016” және “Еңбек жолы” байқауларына қатысуға 32 кәсіпорын мен 24 кәсіпкерден өтініш түскен екен. Ниет танытқандардың ішінен республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын үздіктер анықталды.
Олардың қатарында “Парыз – 2016” байқауы бойынша “Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын” аталымының жеңімпаздары Тайынша ауданындағы “Степноишим тәжірибе станциясы”, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу”, Петропавл қаласында орналасқан “Казградстрой-НС”, “Мир аттракционов” пен Қызылжар ауданының “Петерфельд-Агро”, Есіл ауданының “Ғайса” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Стрелец” жеке кәсіпкерлігі, Уәлиханов ауданының “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы бар.
“С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын” атағына лайық деп танылса, “Үздік ұжымдық келісім” аталымы бойынша “Қазпочта” АҚ-ның облыстық филиалы және Мамлют ауданындағы “Стан” ЖШС жеңіске жетті.
“Еңбек жолы” байқауының “Үздік еңбек әулеті” аталымында “Мұнаймаш” акционерлік қоғамында еңбек етіп жүрген Медведевтер отбасы марапатқа ие болса, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің механизаторы Тұрар Қасымов “Өндірістегі үздік жас жұмысшы” атанды. Ал “ПЗТМ” акционерлік қоғамында жұмыс істейтін алтыншы разрядты токарь Александр Слесаренко “Жастармен жұмыс істейтін үздік тәлімгер” атағына ие болды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.