“Нағыз қазақ қандай?” десе, қалың орманның ортасындағы самдағай қайың-теректен де зәулім алып емендей тұлғасымен танылатын Аманжол Мағжановты көрсетсеңіз, көңіліңіз толады. Айтса айтқандай, сол айрықша зор тұлғасына адамгершілігі, инабаты мен парасаты үйлесіп тұратын ол осы қасиеттерімен барша дос-жарандарын сүйсіндіреді. Осы досымыз бүгін жетпіс жастың төрінен орын алып отыр.
1946 жылдың 9 қаңтарында Ресейдің Қорған облысындағы Лебяжье ауданында туған Аманжол Мұхамеджанұлы есейіп, ел тани бастаған шағынан-ақ қалған ғұмырын ата-бабаларының кіндік қаны тамған Қазақстанда өткізіп келеді.
Покровкадағы Ленин ауыл шаруашылығы техникумын тамамдаған жиырма үш жасынан былай еңбек жолын Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданында мал дәрігері қызметінен бастады да, “Островский” кеңшарына, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына, “Арман” шаруа қожалығына басшылық етті.
Адал да абыройлы еңбегінің жемісі ретінде омырауына “Құрмет белгісі” ордені, бірнеше медальдар тағылды.
Үлгілі отағасы болып, зайыбы Қарлығашпен бірге бір ұл, екі қыз баласын ұя мен қияға қондырды. “Өмірдің қызығы мен бақыты – мәпелеп өсірген ұл-қызың, олардан сүйген ұрпағың” деп ақылман ата-бабамыз айтқан ақ тілек біздің досымызға да бұйырған.
Кіршіксіз, қаңтардың қарындай ақ тілегіңіз, достарға деген жомарт жүрегіңіз ғұмырлық сүйенішіңіз бола берсін, үзеңгі жолдасымыз!
Осынау мерейтойыңызға арнап, өмірдің қызығы мен шыжығын қатар көрген біздер осы қасиетіңізді үлгі етеміз және бала-шағаларымызға өнеге тұтамыз.
Құрметті Аманжол Мұхамеджанұлы! Жарқын белесіңіз – жетпіс жасқа толатын тойыңызға арнаған ақжолтай тілегімізді мына өлең жолдарымен өріп беріп отырмыз.
Ақ тілек тұрар қалай ақтарылмай,
Ажарлы, айшуақты шақта мұндай.
Тұлғаңызға көңіліңіз сай емес пе,
Қаңтардың жаңа жауған ақ қарындай!
Айнымай адамдықтан, алыс тұрып,
Достарды көрмедіңіз қалыс қылып.
Өзіңіз жүрген өмір жолдарында
Келеміз әлі үзеңгі қағыстырып.
Болмастан болашаққа алаң бүгін,
Кешейік қуанышпен заман күнін.
Ғасырдың асуына жеткізетін
Тәңірі берсін Сізге амандығын!
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.