Өңірімізде оңтайландыру жұмысының нәтижесінде пайда болған қосымша резервтің арқасында биылғы жылға бекітілген бюджет көлемі 262 млрд. теңгеден 298 млрд. теңгеге дейін көбейді. Алдағы уақытта бюджет көлемі 300 млрд. теңгеден асуы мүмкін. Бұл қаржының арқасында биылға жоспарланған жұмыстар ауқымы кеңейіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тың өзгерістер болады деп күтілуде. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында алғашқы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің кірісі мен шығысының орындалу барысы талқыланды.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбеков бірінші тоқсанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар екенін тілге тиек етті. Қаңтар-наурыз айларында қысқа мерзімдік экономикалық индикатор 101, 4 пайызды құрады. Нәтижесінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,1 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 8,2 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 7,4 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,4 пайызға, тұрғын үй салу 1,5 пайызға, бөлшек сауда 0,2 пайызға ұлғайған. Аталған салалардың жетістіктері мен кемшін тұстарына тоқталған басқарма басшысы ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі төрт түліктің көбеюінің арқасында 2,4 пайызға артып, 26,7 млрд. теңгені құрағанын айтты. Алайда, Қызылжар ауданында құс санының азаюына байланысты жұмыртқа өндірісі 30 пайызға төмендепті. Мал шаруашылығында ет, сүт өндірісі сәйкесінше 6,6 және 6 пайызға артқан. Ет өндірісінен Тайынша, Аққайың, Есіл аудандары, сүт жағынан Мамлют, Аққайың және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар көш бастап тұр. Жұмыртқа өндірісі Тайынша, Ақжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында оң жолға қойылған.
Өнеркәсіп өндірісі көлемі жағынан Есіл, Тимирязев, Аққайың, Уәлиханов жақсы нәтиже көрсетсе, Мамлют, Жамбыл, Шал ақын аудандарына айтылар сын көп. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібінде өсім болғанымен, минералдық тыңайтқыштар мен химиялық өндіріс көлемі төмендеген.
Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 7,4 пайызға артты. Бұл нәтижеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Құрылыс жұмыстары Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев сияқты аудандарда қарқынды жүргізілуде. Өткен үш айда тұрғындардың өз қаржысы есебінен 23,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 36,5 млрд. теңгеден асқан. Негізгі капиталға тартылған жеке инвестиция көлемі 27,4 млрд. теңгені құрады.
Облыстық экономика басқармасының басшысы өңір тұрғындарын жұмыспен қамту жайына да тоқталды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 4372 адам еңбекке тартылып, 73 пайызы экономиканың нақты секторында жұмысқа орналасса, қалғандары ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. 1635 тұрақты жұмыс орны ашылған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасының аясында 3 мың адам мемлекеттік қолдауды сезінген. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде жұмыссыздар саны өткен жылдың деңгейінен асқан жоқ.
Әкімдік отырысында облыстық бюджеттің кірісі мен шығысының орындалуын қаржы басқармасының бастығы Наталья Дышкант баяндады. Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша жоспар асыра орындалып, облыстық бюджетке қосымша 12 млрд. 507 млн. теңге түскен. Ал бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы есептік кезеңде 99,2 пайызға жетті.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов төтенше жағдайға қарамастан өңірдің дамуына серпін беретін жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуы қажет екенін айтты.
– Бірінші тоқсанның қорытындысына сүйенсек, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті тұрақты дамығанын аңғарамыз. Ең бастысы, экономиканың негізгі салаларында өсім бар. Тиісті қаржы бөлініп, белгіленген жоспарлардың жүйелі түрде атқарылуын қамтамасыз еттік. Егер жылдың басында облыс бюджетін 262 млрд. теңге көлемінде бекітсек, бүгінгі таңда ол 36 млрд. теңгеге артты. Соңғы үш жылда облыс бюджеті екі есеге өсті. Бізде өңірдің экономикасын тұрақты түрде дамытатындай зор әлеует бар, – деген өңір басшысы түрлі салаларда жайбасарлыққа салынған аудан әкімдерінен мәселенің мәнісін сұрап, олардың жұмысы жіті бақылауға алынатынын ескертті. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы жүзеге асырылуы тиіс 10 сүт фермасын салу жайлы сұрады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қазіргі таңда үш сүт фермасына қажетті қондырғыларды алу үшін тиісті қаржы бөлінгенін айтты.
Бұдан бөлек, өңірімізде әлеуметтік маңызы зор нысандарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылмақ. Үстіміздегі жылы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласы, сумен қамту және жол құрылысы бойынша 377 нысан жөнделеді. Құрылысқа жұмыссыздар есебінен 6 мың адам тартылмақ. Бұл – аудандардағы шағын құрылыс фирмалары үшін де өз кәсібиліктерін көрсетуге зор мүмкіндік. Жоспар бойынша 2-3 аптадан кейін жөндеу жұмыстары басталуы тиіс.
– Биыл білім беру саласына 5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, 100 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 250 орындық емхана салынып, 23 аурухана мен амбулатория күрделі жөндеуден өтеді. Мәдениет саласының 24 нысанын жөндеуге де тиісті қаржы бөлінді, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов жыл соңына дейін Саумалкөл, Явленка, Смирново, Тайынша, Пресновка және Сергеевка елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынатынын айтты. Өткен жылдары өңірімізде облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделсе, биыл аудан орталығы мен ауылішілік көшелерге басымдық беріледі. Үстіміздегі жылы осы мақсатқа 39 млрд. теңге қаржы бөлінсе, оның 4,5 млрд. теңгесі 74 ауылдың жолын жөндеуге жұмсалады. Ал сапалы ауызсуға зәру болып отырған 76 елді мекенді тіршілік нәрімен қамту үшін 7,8 млрд. теңге қарастырылған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.