Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тиімді механизмдерін жасау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалануына жол бермеу үшін құқықтық негіз қалыптастыру.
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы” Заңының 13-бабы 1-тармағы 3)-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшінің кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымды басқаруға құқығы жоқ. 2018 жылғы тоғыз ай ішінде біздің департаменттің мамандары бес мемлекеттік органда өткізген ішінара тексеріс нәтижесі бойынша тоғыз мемлекеттік қызметшінің жарғылық капиталдағы үлестерін сенімгерлік басқаруға тапсырмағанын анықтады. Осы заң бұзушылықтары үшін лауазымды тұлғалар тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар қызметтік автокөліктерін басқа мақсатта пайдалану жайы тексерілді. Былтырдан бастап департамент қызметкерлері осындай фактілерді анықтау үшін 24 рейд, оның ішінде жергілікті полиция қызметінің қатысуымен 4 іс-шара өткізді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүргізушілерінің автокөлік құралдарын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сай мемлекеттік қызметшілерге қызметтік өкілеттіктерін орындау кезінде сыйлықтар қабылдауға шектеулер қойылған. Бұл шектеуді сақтамау мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың қатарына жататынын атап өту қажет. Бұл орайда облыстың бірқатар мемлекеттік қызметшілерінің оң әрекетін үлгі ретінде айтқымыз келеді. Мәселен, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Аман Төрегелдин, Петропал қаласы әкімі аппаратының басшысы Қалия Төренова заңнамаға сәйкес өздеріне берілген барлық заңсыз сыйлықтарды мемлекеттік қорға тапсырды. Осылайша, олар заң талаптарын сақтай отырып сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыруға өздерінің үлестерін қосты және осы әрекеттері үшін біздің агенттік төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе айтпағым, мемлекеттік қызметшілер қызмет барысындағы шектеулерді сақтауға міндетті, олай болмаған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатынын ұмытпағандары абзал.
Әсемгүл БЕГАЛИНА,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.