Қызылжарлық спортсүйер қауым Нұр-Сұлтан қаласының төрінде өткен күрес түрлерінен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпановты салтанатты түрде қарсы алды. Спорт сарайына жиналған күрес жанкүйерлері жеңімпазға зор қошемет көрсетті.
Үздіктер қатарынан көріне білген спортшыны облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.
– Бұдан бұрын Нұрқожа сары құрлықта өткен Азия біріншілігінде топ жарған еді. Бұл – облыс тарихында еркін күрестен қоржынға түскен алғашқы алтын жүлде. Балуанымыз әлем біріншілігінде де сәтті өнер көрсетіп, мерейімізді өсірді. Осы орайда Нұрқожаны, бапкерін және бүкіл солтүстікқазақстандықтарды үздік нәтижемен құттықтаймын! – деді Руслан Қанатханұлы.
Қазақстанда алғаш рет олимпиадалық күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында бір мыңнан астам балуан күш сынасқан болатын. Әр күрес түрінен 10 салмақтан жалпы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ел құрамасы 7 медальға ие болса, оның үшеуі еркін күрес балуандарының еншісінде.
– Азия ойындарынан кейін бірден әлем біріншілігіне дайындығымды бастадым. Оқу-жаттығу жиындары барысында тәжірибелі балуандармен белдесуге тырыстым. Боз кілемде Австралия, Ұлыбритания, Иран және Ресей елдерінің үздіктерімен бәсекеге түстім. Енді қараша айында Қытайда өтетін әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне дайындаламын, – деді Нұрқожа Қайпанов.
Шараға қатысқан бокс мектебінің директоры, кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы Жанат Жақиянов жас балуанға алдағы уақыттарда да еліміздің, соның ішінде Қызылжар өңірінің атын шығара беруіне тілектестік білдірді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.