Жүк тасымалымен айналысатын солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің еліміздегі жол ережесіне көңілдері толмайды. Себебі, ондағы қағидаттардың кейбірі жол қозғалысына қатысты халықаралық конвенция нормаларына кереғар болып отырған көрінеді. Мұның өзі халықаралық жүк тасымалы шеңберінде кәсіпкерлерге айтарлықтай кедергі келтіреді екен. Осы және өзге де мәселелер Кәсіпкерлер палатасы, көлік прокуратурасы мен жергілікті кәсіпкерлердің басын тоғыстырған “дөңгелек үстел” отырысы барысында ортаға салынды.
Жоғарыда аталған мәселенің өткірлігі сол, ол Кеден одағы аясында да кәсіпкерлердің алдынан шығып отыр. Ал Ресей мен Беларусьте бұл жағы стандарттарға сай екен. “NK-Cargo” серіктестігінің басшысы Омари Харбедия олармен бәсекелестікте біздің еліміз артта қалып отырғанын атап көрсетті. Тағы бір кемшілік жүк көліктерінің тіркемелеріне берілетін мемлекеттік нөмірлерге қатысты. Бізде ол тік төрт бұрышты, өзге мемлекеттерде ұзынша. Қазақстандықтарға ел аумағынан аса қалған жағдайда, бұл да кедергі болып табылады.
– Біздің жүк көліктеріміз – шетелдік. Яғни, “Евро-5” стандарттарымен шығарылған. Сондықтан олардың мемлекеттік нөмір тағылатын орындары да сол талаптарға сай. Ал елімізде қосымша тіркемеге берілетін нөмірлер болса, оларға дәл келмейді. Сондықтан оны майыстырып тағамыз. Ол Евроконвенцияға да, еліміздің заңына да қайшы. Заң шығарушы органдар осы жағын ескеріп, қолданыстағы заңнамаларды халықаралық нормаларға сәйкестендіргені дұрыс болар еді, – деді жиын барысында әріптесінің сөзін қолдаған “ТЭА СП-Транс” серіктестігінің директоры Андрей Скоробогатов.
Жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерді тағы бір қинап отырған мәселе – тіркемелердегі мемлекеттік нөмірлердің қайталанып көрсетілуінде. Ресейде ол қолданыстан алынып тасталса, бізде ол әлі күнге дейін сақталған. Бұл ретте көлік жүргізушілері оны сырмен жазуға мәжбүр. Ол өшіріліп қалса немесе саз бен қардан көрінбей қалса, елімізде ол үшін әкімшілік айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ, еліміздегі заңда қауіпті жүк тасымалдаған көліктерге арнайы жалтылдақ белгі орнатылу керектігі жазылған. Бірақ ол Қазақстан аумағы арқылы өтетін шетелдіктерге жүрмейді. Себебі, олардың құқықтары халықаралық конвенцияға сай. Ал біздегі заң тек өзімізді қинауға ғана жасалған, деп күйінді “дөңгелек үстел” отырысына қатысқан кәсіпкерлер. Олай дейтін себебіміз, қазақстандық полицейлер болса, мұндай олқылықтар үшін аяқ аттаттырмайтындығы жасырын емес. Оны жиын барысында ішкі істер департаменті өкілдері де жоққа шығармады. Бірақ заңның аты – заң, оған бағынуымыз керек, дейді полицейлер.
Кәсіпкерлер палатасы мен көлік прокуратурасы мамандары басқосуда көтерілген мәселелердің барлығын назарға алып, олардың оң шешілуіне ықпал жасайтындықтарын жеткізді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.